Құрсауланған кесенің құпиясы неде?
Абай өмірімен байланысты көне дүниелердің бірі – құрсауланған кесе. Бұл кесе кешегі шеберлердің ісмерлігінің куәсі іспетті. Абайдың досы Долгополовты қазақ шеберлерінің құрсауланған кесені жөндеу шеберлігі қызықтырған тәрізді.
Көшпенді мәдениеттің өзіндік кішігірім өндіріс ошақтары болғандығы ақиқат. Алайда қазақ даласында фарфор жасау өндірісі болмаған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың сынғаны болса лақтырмай, оларды әлі де қолдануға мүмкін болатындай етіп, құрсаулап жөндеп алуды қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген. Қазіргі уақытқа дейін сақталған кесенің сыртында: «Разломанная китайская чашка, починен по киргизскому способу. Этногр. отд. №79» деп жазылған. Бұл жерде Долгополов қазақ шеберлерінің ісмерлігіне тәнті болғанын көруге болады.
Кесенің бір жақ шеті төрт үлкен, бір кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімделіп қойылған. Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей көрінеді. Оны жөндеген ұста металды кесенің жиегіне асқан шеберлікпен жапсыра білген.
Осылайша, кешегі көшпелі мәдениеттегі шеберліктің бір көрінісі кесе арқылы бізге жетіп, сынған кеседе де сыр сақталып отыр.