Өскеменде жекеменшік лагерьде бала қайтыс болды
шартты сурет: depositphotos.com
Өскемендегі жекеменшік лагерьлердің бірінде сегіз жастағы бала әткеншектен құлап қайтыс болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға, шамамен, екі апта бұрын ұзартылған балалар лагерінде болған. Туыстарының айтуынша, екі қыз сегіз жастағы Арсенийді мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әткеншекте тербеткен, алайда бала дұрыс ұстанып отырмағандықтан құлап кеткен. Оқыс оқиға кезінде балалардың жанында ересектер болмаған көрінеді.
Бала он екі күн бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан, содан кейін жүрегі тоқтап қайтыс болған. Егер тәрбиешілер балаларды қараусыз қалдырмағанда мұндай жағдай болмас еді деген баланың ата-анасы объективті тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Сондай-ақ баланың әкесі алдағы уақытта оқыс оқиға қайталанбас үшін аталмыш тренажердің жағдайына назар аударуды сұрады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның болғанын растап, тексеруді басталғанын хабарлады.