Өскеменде апта сайын 30-ға жуық кәріз қақпағы жоғалып кетеді
Өскеменде апта сайын 30-ға жуық кәріз қақпағы жоғалады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы шаһар басшылығы айтып отыр.
- Апта сайын 20-30 шақты кәріз қақпағы, 15 қоқыс урнасы жоғалып кетеді. Апта сайын жарық шамдарын шағылып жатады. Жаз кездерінде сынған шамдардың саны 30-ға жеткен. Аялдамаларды қиратады. Өткен жылы мерекеге орай көшелерді жарықтандырып, безендірген едік. Оны да жұлып тастады, - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Вандалдардың бұл қылығынан кейін биыл көшелерге жаңа жылдық гирляндалар орнатылмайтын болды. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы аллеяға сондай гирлянда сатып алынып, безендірілген болатын. Енді олар жарамсыз болып қалыпты. Қып-қызыл шығын.
Осы жылы мерекеге орай полиция кезекшілік жүргізетін орындар мен халық көп жүретін жерлерді ғана безендірмек екен.