Өскеменде мамыргүл бағы бар (видео)
![](/kz/uploads/posts/2024-08/2226d6e1-3e45-4090-be9c-fb34af4d1c17.webp)
Хош иісі бұрқыраған мамыргүлдің мекені қайда? Өскеменде! Ұлық мереке – Қазақстан Республикасының Ата Заңы күніне және қала күні мерекесіне орай өскемендіктерге Новаторлар көшесінен «Мамыргүл бағы» сыйға тартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңадан ашылған мамыргүл бағы Өскеменді өзгеше бір өңге бояды. Шоқ талдар мамырда бұрқырай бүр жарғанда бақ іші қазіргіден бетер құлпырып, алыстан көз тартары анық.
Мамыргүл бағының маңайында тұратын тұрғындар алаңқайында әткеншек, балалардың ойын алаңы, воркаут-дене шынықтыру алаңқайы бар әдемі бақтың іші кешке қарай тіптен ажарланып, шамдары самаладай жарқырайтынын қуана айтысты.
Мамыргүл бағына келген жұртшылықтың, әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ.
Гүл бағының жанынан автокөлік тұрағы да ашылыпты. Аумағы 600 шаршы метр. Бақ ортасындағы 15 түптей жапырағы жайқалған мамыргүл талдары отырғанға – сая, көрген көзге –қуаныш. Тап -таза бақ іші жастардың, қариялардың, ата-аналардың балаларымен келіп серуендеуіне, демалуына қолайлы.
Новаторлар көшесінде тұратын зейнеткер, облыстық «Дидар» газетінің қатардан қалмай келе жатқан белсенді қоғамдық тілшісі Үмітхан Нұрғалиев ата қаланың осындай көрікті жерлері көбейіп, ауасы тазарып, өскемендіктердің тұрмысы мамыргүл бағындай жайқала берсін деп ақ батасын берді.