Тарбағатайдың Асусай ауылында медпункт салынып жатыр
Биыл Тарбағатай ауданындағы Асусай ауылында ел Президентінің Жолдауына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық пунктің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бір ауысымда 25 адамды қабылдай алатын пункті облыстық құрылыс басқармасы салып жатыр,
Амбулаториялық жағдайда қызмет көрсететін нысанда орта медициналық персоналдың үй-жайы (қабылдау бөлмесі), физиокабинет, дәріхана, емшара мен анықтама бөлімдері болады. Нысан ең төменгі үлгілік жиынтыққа сәйкес қажетті медициналық жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырылады. Ғимараттың кіреберісінде пандус та қарастырылған.
Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Электр монтаждау жұмыстары ішінара орындалып, сыртқы инженерлік желілері тартылып қойған. Аумақты абаттандыру және нысандағы ішкі әрлеу жұмыстары да кестеге сай жүріп жатыр.
Жалпы, Тарбағатай ауданында ұлттық жоба аясында үш бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысанының салынып жатқанын айту керек. Атап айтқанда, Асусайдағыдай нысандар Байтоғас пен Жамбыл ауылдарында да бой көтеруде.