KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 1,3 м/с, В
478.96 533.03 5.22

ШҚО: таңқурай бизнесін гүлдендіруге мүмкіндік туды

3.09.2024, 14:49 174 Жанаргүл Мұқатай

Өскеменнің жанындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының картоп және жеміс-жидек зертханасында таңқурай мен құлпынайдың, картоптың шетелдік, отандық сорттары сынақтан өткізіліп, біздің облыстың ауа райына бейімделе жергілікті жер жағдайына аудандастырылып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі күні «ШҚАШТС» шаруашылығы сынау орталығының ғылыми қызметкерлері көпжылдық ремонтанттық таңқурайдың екі түрі: «Зюгана», «CABrilla» мен ремонттанттық құлпынайдың америкалық сортына ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. № 872 таңқурай сорты сынақтан енді өтіп жатыр. Жемістердің өнімділігі, тиімділігі толық зерттеліп, сынақтан өткізіліп біткен соң мемлекеттік сынақтарға жіберілмек.

Орталықта таңқурайдың «Зюгана» сортының сынақтан өткізіліп жатқанына биыл үшінші жыл.  Суыққа, ыстыққа, түрлі ауруларға төзімді, дәмі тіл үйірген  швецариялық «Зюгананың» бір түбінен 5-7 келіге дейін өнім алынып жатыр.  Құжаттары әзірленіп жатқан шәрбатты жемістің тұқымы  таяуда аудандастырылып, жерсіндірілген отандық өнім қатарына енгізіліп, тұрғындарға, шаруашылықтарға сатылады. Сынау орталығының мамандары  облыс тұрғындары,  кәсіпкерлер біздің жақта өсіруге қолайлы деп танылған таңқурай сортының  көшеттерін, отырғызу материалдарын, биылғы өнімнің өзін осы жердегі  тәжірибе шаруашылығының таңқурай алқабынан сатып алуларына, өсірулеріне әбден болатынын айтады. Тиімділігі анықталып, аудандастырылып жатқан таңқурайды бау-бақшада, топырағы құнарлы шығыстың  кез-келген аудандарына гектарлап егіп, тамсана жейтін пайдалы жемістен табысты бизнес бастауға болады.

Қазіргі күні «Опытное поле» ауылындағы «ШҚАШТС» шаруашылығының телімдерінде қаулап өсіп тұрған  денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз табиғи жемісті қала тұрғындары шаруашылық бақшасының басына барып  сатып алып жатыр.

Сынау орталығында зерттеулер үш жыл көлемінде жүргізіледі, үш жылдан соң жеміс-жидектер отандық өнім ретінде өз облысымызға аудандастырылып, өзімізде өсіріледі.

«ШҚАШТС»ЖШС картоп және жеміс-жидек өндіру бөлімінің басшысы Гүлнұр Маханованың айтқанындай, сынау орталығының зертханасында жемістермен қатар картоптың шетелдік, отандық, селекциялық тұқымдары өсіріліп, сынақтан өткізіліп жатыр. Олардың ішінде «Үшқоңыр», «Қарасай», «Қонаев»  сияқты отандық сорттар бар. Сонымен қатар, мұнда ерте пісетін шетелдік «Гала», «Коломбо» тұқымдары өсірілуде.   Тұқымдық  картоптар   35 гектар жерге егілген. Түсім гектарынан 20 центнерден айналуда.

Биыл «ШҚАШТС»  ЖШС-ның  сынау алаңында зерттеуден өткен «Ұлан», «Алтай-1» жаздық, күздік селекциялық бидайларына  патент алынды. Өзіміздің  өнімдердің авторы осы институттың дәнді дақылдар бөлімінің жетекшісі- Ирина Шуллер.  Отандық күздік бидайдың жаңа сорты рекордтық өнім беріп жатыр, түсім 57 центнерден.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив