Иесін тапқан марапат: ШҚО-лық могулшы қыз «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Фристайл-могул бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анастасия Городко Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты марапаттау рәсімі 21 мамыр күні өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген спортшыға мемлекеттік награданы табыстады.
Айта кетейік, бұл марапат спортшыға биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай тапсырылуы тиіс еді. Алайда Анастасия сол уақытта шетелде өткен халықаралық жарыстарға қатысып жатқандықтан, марапат кеш тапсырылды.
Анастасия Городко – фристайлдың могул түрі бойынша ел намысын қорғап жүрген дарынды спортшы. Ол 2021 және 2023 жылдары өткен әлем чемпионаттарында параллель могул бағдарламасы бойынша екі мәрте қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, 2022 жылғы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Өз таланты мен табандылығы арқылы әлемдік деңгейде танылған Анастасия – Шығыс Қазақстан спортының жарқын өкілі.
Елизавета Седых
Фото: Екатерина Семина