KZ
Өскемен
небольшой снег жел 2,4 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

Шығыс Қазақстанда Ғылым күні атап өтілді

Altaynews

12.04.2023, 18:53 265

Шығыс Қазақстан, Ресей, Түркия ғалымдары Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да ғылыми қызмет пен академиялық ұтқырлық бойынша ынтымақтастық қорытындыларын талқылау үшін жиналды.

  Диалог алаңы алғаш рет геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың құрметіне өтті, деп хабарлайды  Altaynews тілшісі.

  Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген Қаныш Сәтбаевқа арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны құттықтау сөзімен ашты.

– 12 сәуір күні Қазақстанда жыл сайын Ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл мереке белгілі геолог-ғалым, ғылыми қызметті ұйымдастырушы, Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келуімен байланысты. Ғылымды, техниканы және инновацияларды дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі. Ірі аймақтық университеттің ректоры ретінде, мен ғылым саласындағы бастамашыл креативті зерттеушілер ағымының тенденциясын көріп отырмын. Университет ғылымының Қазақстанның халықаралық аренадағы ғылыми-технологиялық серпілісінің драйвері болуына және әлемге тың жаңалықтар мен инновациялар, Нобель сыйлығының жаңа лауреаттарын беретініне сенімдіміз. Бүгінгі конференциямызға оралсақ, оның өткізілу күні дәл осы күнге белгіленгені тегін емес. Бүгін, 12 сәуірде, Қазақстан Республикасында Ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Осыған орай, сіздерді осы мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Бұл – ғалымдар ұсынған инновациялық идеялардың, жаңалықтардың және білімнің тамаша мерекесі, – дейді ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген. 

  Конференцияға қатысушыларды Ғылым күнімен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит және қазіргі уақытта шетелде білім алып жүрген Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың студенттері онлайн форматта құттықтады.

 

  – Сіздер әртүрлі бағытта өздеріңізді жоғары деңгейде көрсетіп келе жатқан жоғары мектеп өкілдерісіздер. Біз бірлесіп көп іс атқардық. Бірінші кезекте, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесін атап өткім келеді. Президенттің Жарлығына сәйкес, бүкіл ел бойынша ақтаңдақтарды зерттеу және адал есімдерді қалпына келтіру жөнінде үлкен жұмыс басталған еді. Бұл жобаның көмегімен тарихтың жаңа беттері жария етілді және көп жағдайда бұл – университет ғалымдарының жасаған еңбегі. Сондықтан қатысушыларға ғылыми қызметте табыс пен жобалардың ойдағыдай жүзеге асырылуын тілеймін, – деді конференция қатысушыларына Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.

  Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ проректоры Ирина Ровнякова 2023 жылы университет екі маңызды мерейтойды – ШҚМУ-дың тұңғыш ректоры, профессор Юмаш Кәрімұлы Уәлиевтің 100 жылдығын және лингвист-түркітанушы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Сәрсен Аманжоловтың 125 жылдығын атап өтетіні жайында айтты. Қонақтарға Юмаш Уәлиевті еске алуға арналған фильм көрсетілді.

 Конференция жоғары оқу орындары арасындағы білім беру қызметінің нәтижелерін талқылаумен жалғасты. Мәселен, Алтай мемлекеттік университетінің Теориялық кибернетика және қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі Елена Понькина соңғы алты жылдағы білім ордасымен өзара ынтымақтастықтың нәтижелері туралы баяндады.

– Біз Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-мен 2017 жылдан бері бірлесіп қызмет істеп келеміз. Біздің ынтымақтастығымыз магистранттардың академиялық алмасуынан басталды. Бірлесіп әртүрлі семинарлар, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткіземіз. Сіздердің ғылыми қызметкерлеріңіз бізде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Қазір біздің профессорлық-оқытушылық құрамымыздың сіздерден білім алып, тәжірибе жинақтауы үшін жоспар даярлап жатырмыз. Сондықтан сіздермен одан әрі жемісті жұмыс істейміз деп үміттенеміз, – деді құрметті мейман.

  Ғылым күні аясында студенттер де өздерінің ғылыми жетістіктері туралы айтты. Ал шара соңында «Ғылым» айы аясында өткен ғылыми байқаулардың қорытындысы бойынша марапаттау өтті.

 

  Осылайша, үздік жас ғалым болып логопед-дефектолог Рауан Байчинов және «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының жаратылыстану-техникалық бағыты бойынша аға ғылыми қызметкері Байжан Дарын атанды. «Химия» мамандығының төртінші курс студенті Жандос Сағдоллин Юмаш Уәлиев атындағы стипендияның иегері болды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу