ШҚО-да әйгілі археолог-ғалымдар жерлестеріне лекция оқыды
12-cәуір - Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күні. Дәл осы күні академик, ғалым-геолог, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келіпті. Сонымен қатар еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне де екі жыл толып отыр. Осыған орай С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде үлкен шаралар легі болып өтті. Оған облыс әкімінің орынсбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Іс-шаралар легі «Ұлы даланың алтыны» атты көрмеден бастау алды. Көрмеге былтырғы жылы Тарбағатайдағы Елеке сазы жайлауында жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылыпты. Таяуда осынау көрмені Мәскеудің 7 мыңға таяу тұрғындары да тамашалап, ерекше тамсанған екен. Мұнан соң университет залында облыстың зиялы қауымы мен студенттері есімі облысқа ғана емес, республикаға кеңінен танымал археолог-ғалымдар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаевтың ғылыми монографиялық еңбектерінің тұсаукесеріне қатысты. Қос ғалым да өздерінің баяндамаларында өңірдегі археолгиялық қазба жұмыстарына үлкен қолдау білдіріп отырған облыс әкімі Даниал Ахметовке үлкен ризашылығын білдірді.
Жалпы, Тұңғыш Президентіміз археологиялық зерттеулердің маңыздылығын сонау 90-шы жылдардың аяғынан бастап-ақ айтып келеді. Біз алғаш «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында екі мыңыншы жылдардың басында Шілікті даласындағы патша обаларын зерттей бастадық. Мына бүгінгі «Ерте сақ дәуіріндегі Шілікті мәдениеті» атты монографиялық еңбекте сол 2004 жылдан бастап зерттелген дүниелер енгізіліп отыр. Жалпы, Алтай, Тарбағатай өңірі Еуразия кеңістігіндегі тарихы терең, көне жәдігерлерге толы өлке. Елбасы айтқан «Ұлы даланың жеті қырының» барлығы осы өлкеден табылады. Осыған дейін ғалымдар сақтарда мемлекет болмаған деп келсе, осынау ауқымды зерттеулердің нәтижесінде біз бүгін сақтарда мемлекет болды деп нық айта аламыз, - деді өз сөзінде археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаев.
Қос археолог-ғалымның өңірдегі археологиялық зерттеулер туралы лекциясын залдағы жиналған қауымнан бөлек 5 мыңнан астам адам онлайн режимінде тамашалады.
Сондай-ақ, іс-шаралар аясында жас ғалымдар мен студенттердің «Заманауи қоғамның жаңа бағдары: жастар және қоғам» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.