Кореяда гастарбайтер болып жүрген қазақ мұғалімі: Біз - жалқау емеспіз
Шығыс Қазақстанда мектеп пен университетте оқытушы болып қызмет еткен жерлесіміз екі жыл төрт айдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатыр. Ол Кореяның аумағына визасыз «бір аптаға» рұқсат алып кірген де қалып қойған. Бір-ақ айдың ішінде «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, соның «хотя бы» бір-екі жылын Кореяда өткізу керек!» деген ойға келгенін айтады.
Ресми ақпарларға сенсек, Қазақстан азаматтары шетелге көптеп ағылып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген отандастарымыздың саны тоғыз мыңның үстінде. Қазақстанның коммунистік халық партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының екінші хатшысы Ділдә Майданбекова республика көлемінде жастар трендін анықтауға бағытталған зерттеу жүргізілгенін, нәтижесінде 14-29 жас арасындағылардың 42 пайызы басқа мемлекетке кеткісі келетіні мәлім болғанын айтады. «Өзге елде оқитындардың жартысынан астамы сонда қалып қояды. Шамамен, 40 пайызы Қазақстаннан қызық әрі табысты жұмыс тапқан жағдайда қайтып оралады. Басқасы өздерінің материалдық жағдайын жақсартуға, карьера қуып, жан-жақты дамуға және сапалы білім алуға ниетті», дейді ол. Әлеуметтанушылардың айтуынша, елде баспана, жалақы, азық-түлік үлкен мәселе болғандықтан, адамдар «жайлы өмір» іздеп кетеді. Біздің кейіпкер Кореяда отбасылы қазақ таныстары көп екенін айтады. «Екі жақтаса мол табыс табады ғой» дейді.
Bekbei Bek-пен әңгіме мессенджерде өрбіді. Кей жағдайда жолдаған сұрағымыздың жауабы бірнеше сағат кешеуілдеп жатты. Ондайда ол кешірім сұрап, мән-жайды түсіндіреді.
– Ештеңе етпес, екі мемлекетте уақыт айырмасы бар ғой, – дейміз біз.
– Иә, шамамен, 50 жыл айырма бар, – дейді ол, отыз тісін түгел көрсете ыржиған смайлик жіберіп.
Айта кетейік, еңбек мигранттарының көбі «гастарбайтер» екенін ашық айта бермейді. Америкада жұмыс істеп жатқан тағы бір жерлесіміз «көп сөз болып кетеді» деп, Didar газетінің тілшісімен әңгімелесуге ыңғай бермеген болатын.
«Саңыраумын, мылқаумын»
– Алғаш келгенде, сіз айтқандай, көшеде ағылып жатқан кілең сужаңа мәшинелер немесе басқа да жылтырақ дүниелер қызықтырмады. Полициясы таңғалдырды. Кереме-ет енді! Мұның қасында біздің полиция ... (боқтап жіберді) екен ғой, – деді ол дауысын қатайтып.
– Полициясы туралы толығырақ айтсаңыз... – дедік.
– Бөлек. Мү-үлде бөлек! Ақша ала қояйын деп ойламайды. Заң бұзбасаң болды. Шатағы жоқ! Мысалы, карантин басталғанда топпен көшеде тұрғанбыз. Жетіп келді. Қайдан шыға келгенін ұқпай, қайда барарымызды білмей абдырап қалдық. Заңсыз жүрген соң қорқасың ғой. Жоқ, олар тергеп-тексермеді. Маска таратып беріп, «карантин басталды» деп ескерту айтты. Тағы да осыған ұқсас жағдай болды. Жанымыздан өтіп барып тоқтады. Көшеде мысықтың өлігі жатқан, соны асықпай қапқа салып, көліктің жүксалғышына тиеді де, алып кетті. О-ой, айта беріп қайтейін, нағыз полиция осында! – деген Bekbei Bek-тің «мүлде», «керемет» деген одағайларды дауыстап қатты айтқаны, шынымен, таңданысын жасыра алмай тұрғанын аңғартқандай.
Bekbei Bek «тағы бір қызық бар» деп, басынан өткен оқиғаларды айта бастады.
– Алғаш жұмысқа бардым. Екі жас хангук (корей – ред.) өз тілдерінде менен бірдеңелерді сұрай бастады. «Аненхасио» деп амандасудан басқа түк білмейтін мен үндемедім. Аналар бастырмалатып қоймаған соң, үн қатпағаныма ыңғайсыздандым біраздан соң. Ақыр соңында тілімді бір, құлағымды екі ұстадым да, қолымды айқастырдым. «Саңыраумын, мылқаумын» дегенімді аңғарды-ау деймін, ағылшыншалап «сорри-соррилеп» бастарын иіп, тәуір кешірім сұрады. Қазір тілді біршама үйреніп алдым, – дейді күліп.
Қазақтар қалай барған?
Bekbei Bek Оңтүстік Кореяға қалай барғанын айтпас бұрын гастарбайтерлер туралы қазақ ішінде тараған екі түрлі көзқарас жайында ойын айтып кеткісі келді.
– Екеуі бір-біріне диаметральді қарама-қарсы пікір. Бірі «гастарбайтерлер арланады, ол – ұят нәрсе» дейді. Екіншісі, «шетелге қалай қорықпай барды? Неткен ерлік!» дейді. Жоқ, адал еңбекпен нан тауып жатырмыз ғой. Бұған анау-мынау екен демей, қалыпты жағдай ретінде қарау керек, – деген ол өзін ешқандай да «батыр» сезінбейтінін білдірді.
Ол әуелі Шығыстан астанаға отбасылық жағдайымен көшіп барған. Кейін баспана және тұрмысына тезірек ақша жинауы керек болған.
– Астанада жүргенде неғұрлым тезірек ақша жинаудың амалын ойладым. Базарға саудаға шығамын ба дедім. Бірақ ондағы сауданың азаматтары «нан жегізбейді-ау» дедім. Оның үстіне сауда бастау үшін қосымша қаражат болуы керек. Ал мемлекеттік қызметті таңдар едім, оған табысы аз. Мұғалімдіктің ақшасы аз болғанымен қағазы көп. Жалпы Қазақстанда жұмыс істеген емес, жұмыс істегенін көрсете білген озады, яғни "показуха". Қарапайым еңбек адамына ыңғайлы емес. Содан ары-бері ойланып жүргенде, шетелде жұмыс істеп жүргендер туралы құлағым шалды. Соған оқталдым. Екі айдай ақша жинап, ұшып кеттім. Жалпы өзім табиғатымнан жылдам адаммын. Ойға алған ісімді тез істеп тастауға тырысамын. «Тағдыр ғой», «Алланың жазғаны ғой» деген – «неоченьдау пацандар» айтатын сылтау деп есептеймін. Бір жағынан етжақын туыстарымнан алыста жүріп, жалғыздыққа әбден үйренгенмін. 22 жаста Таврия деген ауылға барып жұмыс істедім. Бөтен жер. Белоусов кентінде қызмет еттім. Ол да жат. Солайша ылғи басқа ұлттар орналасқан, бөгде ортада жүрдім. Өзім негізі Зайсанның қазағымын ғой. Жалпы қазақ өте еңбекқор халық. Біз жалқау емеспіз, – дейді ол
Кейіпкердің айтуынша, Оңтүстік Кореядағы бос жұмыс орындары туралы фейсбук, инстаграм, телеграм желілеріндегі арнайы топтардан хабар алуға болады. Дегенмен, танысың болғаны абзалырақ.
– Өскемендегі белгілі университеттің даярлық курсында жұмыс істегенмін. Шетелден келген қандас балаларды оқуға дайындаймыз. Сол кезде Моңғолиядан келіп оқыған екі шәкіртім қазір Кореяда екен. Солардың көмегімен жұмыс тауып, тіршілік етіп кеттім. Бұл жақта таныс арқылы жұмыс табудың елдегіден айырмасы бар. Танысың «мынадай жұмыс» деп көрсетеді тек. Ары қарай алып кету өз қолыңда, – дейді ол
Айтуынша, қазақтардың ол жаққа алғаш жол салуының сыры бар.
– Этникалық корейлер көп орналасқан Талдықорған, Қызылорда, Шымкент аймақтарынан келе бастаған секілді. Өскемендіктер аз. Жуықта Катонқарағайдың қызын көріп таңғалдым. «Ойбай-ау, қарындасым-ау, мұнда неғып жүрсің» деппін ғой. Осылайша басқа аймақтар да қосылып келеді, – дейді ол
Кореяға барлығы турист ретінде кіріп, қалып қояды.
– Қылмыс статистикасы төмен, өркениетті елге келерде ештеңеден қорықпадым. Бір ғана алаң болды: «Азын-аулақ ақшама билет алып барғанда кіре алмай, кері қайтсам ше?» Бірақ маған аса қиын болмаған секілді. «Туристпін. Бір апта боламын. Шама келсе, осы жақтың медицинасына қаралып, ем алсам деп едім» деп өтірік айттым. Өткізіп жіберді. Олар әлденеден секем алып қалса, кіргізбей қояды. Содан бірден қонақүйге тарттым. Екі күннен соң таныстарым жұмыс тауып берді. Бұл жақта ағылшын тілі жақсы тараған. Адаса қойған жоқпын, – деді
Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда жұмыс күші жетіспейді. Заң бұзбаған еңбек мигранттарына еркіндік берілген, жосықсыз тиіспейді.
– Халқы Өзбекстанды жақсырақ біледі. Менен бәрі өзбексің бе деп сұрап жатады. Қазақстанды елестете де алмайды-ау деймін, ол қандай мемлекет деп сұрайды. «Нигерияны білесің бе?» деймін мен. «Иә» дейді. «Сол Нигерия секілді. Тек қар жауады» деймін, – дейді.
«Бір айда ойыңыз өзгереді»
Кейіпкеріміз әлеуметтік желіні белсенді пайдаланады. (Өзі де «жерлестерім мен желілестерім Bekbei Bek атымды жақсы таниды. Осылай жаза беріңіз» деген соң, өтінішін орындадық). Оның әзілқойлығы мен елдегі оқиғаларға қатысты пікірлері көпшіліктің көңілінен шығатын секілді: жазбаларының астында қызу пікірталас жүріп жатады.
– Кореяда бір ай жүрсеңіз, ойыңыз өзгереді. Бұл жақта еңбекақы жоғары, өмір сапасы жақсы. Мысалы, соңғы модельдегі мәшиненің өзін бір пайыз ғана несиемен береді. Екі жақты көріп, салыстырғаннан кейін келген ойларды желіге түртіп отырамын. Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, соның «хотя бы» бір-екі жылын Кореяда өткізу керек! «Хотя бы» «адамша» өмір сүрудің не екенін ұғыну үшін, – дейді ол
Кейіпкеріміз ойламаған жерден видеобайланысқа шықты.
– Қазақстан сайлаудан кейін қатты өзгеріп кетіпті деп жатыр ғой. Соны көзіммен көрейінші деп хабарластым, бауырым, – дейді күліп
– Өзгермегенде ше, сіздерге бірден 50 жылдай жыл жақындай түстік, – дейміз біз жоғарыда өзінің айтқанын еске салып.
Bekbei Bek Сеул, Гуанчжоу, Сосан, Янгсан сынды қалаларында бірнеше айдан тұрып қызмет еткен. «Үлкен қалаларының ішінде Ульсанды ғана көрмедім» дейді.
– Бірінші жұмысқа кіріскенде тоқтамай 40 күн істедім. Біздің елдің ақшасымен 600 мың теңгенің үстінде еңбекақы алдым. Кейін хангук электршіге көмекші болдым. Оның өзінің еңбекақысын сұрап едім, «Илтаным – 360 мың вон» деді. Яғни, бір күнде 120 мың теңге алады. Өндірістік альпенизм деген бар. Төбеден салбырап түсіп ғимараттарды сырлайды. Алматылық жақсы таныс жігіттер екі-үш маусым жұмыс істеді. Бір күнде 80 мыңдай ақша алып жүрді. Бұрын құрылыста істедім. Қазір зауыттамын, – деген ол жұмыс арасында 10 минуттық үзілістер болатынын айтып, қолдағы буы бұрқыраған кофесін көтеріп көрсетіп қойды.
«Көбі сонда өледі, қалады» деген...
Корейлердің сырттан келген жұмысшыларға көзқарасы қалай екенін сұрап көрдік.
– Неше ұлыстың түрін көрдім ғой. Бұрынғы жұмыстағы моңғол, өзбектермен қазір де араласып тұрамын. Жаман ұлт жоқ. Жаман болса, адамның өзі жаман болады екен. Ал сіз хангуктарды сұрап тұрсыз ғой. Олар бейтарап. Мұсылманмын десең, шошқаның еті жоқ тамақ алып береді. Бізде хангук бастық болды. Сырқаттанып қалған жұмысшысының бәріне өз қалтасынан дәрі әкеліп беретін. Бұл ешқандай да міндеті емес. Ал біздің елде осылай болар ма еді? Қайдам... Хангуктар еңбек еткен адамды біртүрлі жақсы көреді.
– Жалпы өзім өзбектерді сыйлаймын, – деп жалғады әңгімесін. – «Маладес-ей!». Тіршілік етуді біледі. Қаншама дәмхана, дүкен ашып жатыр. Солардың наубайханасының нанын алып жейміз. Қандай тамаша! Біздің елдегі нанның дәмі секілді, – деген Bekbei Bek жұмыстан соң тағы хабарласты. Бізбен сөйлесе жүріп дүкеннен нан алып шықты. Өзі тұратын үйді сыртынан көрсетті.
– Мұны ресейлік Серега деген танысым «Кіші Қазақстан» дейді.
30-ға жуық пәтердің 20-сынан астамында қазақтар тұрады, – деген ол қарсы алдында танысы келе жатқанын айтып, тұтқаны асығыс қоя салды.
Жуықта «Тенгриньюс» веб-сайтында «Көбі сонда өледі» Қазақстандықтар Кореяда қалай заңсыз өмір сүріп жатыр?» деген мақала жарияланды. Онда қайтыс болған қазақстандықтың сүйегі елге зорға қайтарылғаны баяндалған. Мұның қаншалықты рас екенін кейіпкерімізден сұрағанбыз.
– Өткенде бір адамның сүйегі қалғаны туралы жазылды. Ол этникалық корей болатын. Ал кейде болашағына немқұрайды қарайтын, ақша жинамайтын адамдарға қатысты әртүрлі жағдай болып қалады. Бірақ бұл ел сүйекті қайтармайды деген ақпар – жалған. Байқауымша, мұнда бір адамның саусағы сынса, Қазақстанда қолы сыныпты деп жазады. Елді жібермеу үшін істеліп жатқан амал ма деп ойлаймын. Мұны «теріс ақпарат тарату» деп бағалаймын. Әйтпесе, шетелде жүргенде кімде-кім сақ, жинақы жүреді ғой, – деп пікірін айтты ол
Кейіпкеріміз өзіне керекті дүниелерін сатып алып, жеткілікті мөлшерде қаражат жинап болғаннан кейін елге қайтпақ. Қазір ол елге банк арқылы ақшасын жөнелтіп тұрады.