Қазақстандық жастардың жартысы шетелге кетуді жоспарлап жүр
Елдегі 15 – 29 жас аралығындағы жастардың 42 пайызы шетелге кетуді жоспарлап жүр және олардың айтар нақты себептері бар. Қазақстанның коммунистік халық партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының екінші хатшысы Ділдә Майданбекова республика көлемінде жастар трендін анықтауға бағытталған зерттеудің нәтижесін мәлім етті.
– Қазақстанда, демография тұрғысынан қарасақ, халық саны табиғи жолмен өсіп келеді. Қазіргі таңда 18,6 миллион адам өмір сүреді. Десе де, жастар қауымының көптеп шетелге қоныс аударып жатқаны көңіл алаңдарлық жәйт. Жастар трендін анықтау барысында олардың біршамасының болашақ жоспары шетелмен байланысты екеніне көзіміз жетті. Нақты санмен көрсетсек, 15 – 29 жас аралығындағылардың 42 пайызы өзге елде оқу оқуды немесе тұрақтап қалуды көксейді, – деді Ділдә Майданбекова.
Оның айтуынша, шетелге оқуға барғандардың қатарында тұрақтап қалып қойғанары басым. Тек қызықты әрі табысты жұмыс тапқандары ғана Қазақстанға қайтуға келіседі.
– Өзге елде оқитындардың жартысынан астамы сонда қалып қояды. Шамамен, 40 пайызы Қазақстаннан қызық әрі табысты жұмыс тапқан жағдайда қайтып оралады. Елдегі орта жастағы азаматтар осындағы ортаға бейімделіп кетті. Бірақ мемлекеттік қызмет пен бизнес саласында өзіне орын жоқ деп есептейтін жастар жағы болса, жоғарыда айтқанымыздай, басқа мемлекетке баруды қалайды. Олар өздерінің материалдық жағдайын жақсартуға, карьера қуып, жан жақты дамуға және сапалы білім алуға ниетті, – деді Ділдә Майданбекова.
Ділдә Майданбекованың айтуынша, елдегі орта және жоғары білім сапасындағы проблемалар қаржыландыру деңгейімен байланысты.
– Мәселен, 2016 жылы жоғары білім беруге арналған мемлекеттік бюджеттің шығысы «іштей» оқитын бір студентке 504 доллар болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл көрсеткіш Ресейде 8,8 мың, Қытайда 3 245, Түркияда 3 590, Оңтүстік Кореяда 9 656, АҚШ-та 11 319 доллар, – деді Ділдә Майданбекова.