KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Өскеменде "Тірліктің" тұсауы кесілді (видео)

26.04.2024, 17:00 6 206

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада өзге кітаптарға ұқсамайтын «Тірлік» атты кітаптың тұсауы кесіліп, өзге кештерге ұқсамайтын ерекше бір кеш өтті. Кітап авторы қазір Алматыда тұратын күршімдік жерлесіміз, белгілі заңгер, қоғам қайраткері, ақын, сазгер, Жиынбек Рәбілұлы.

«Тірліктің» өзге кітаптарға ұқсамайтын ерекшелігі – деректі проза. Қайсыбір қаламгерлердің туындылары секілді әсерге толы қиял-ғажайыптардан ада. Автор өз басынан кешкен, көзімен көріп, қолымен қойған, 1983-1985 жылдар аралығында әскери борышын өтеу барысындағы (дедовщина) әлімжеттікті, 1993-2000 жылдар аралығындағы қоғамда орын алған бассыздықтар мен қарақшылықтарды, күзетте, оққағар қызметтерінде жүргендегі текетірестер мен жекпе-жектерді, санамыз әлі де болса қабылдай қоймайтын шайтанмен бетпе-бет кездескендегі тылсым оқиғаларды және өзінің рухани ұстазы – Қадыр Мырза әлі ағасымен етене араласқандығын, ол кісінің өз аузынан естігендері мен көрген жайттарын т.б. оқыс оқиғаларды жатық тілмен топтастыра білген.

Елімізге танымал айтыс ақыны Қуаныш Еркінұлы тізгінін ұстаған кешке зиялы қауым өкілдері, автордың туыс-туғандары мен дос-жарандары, сондай-ақ, кітапхана оқырмандары қатысып, кітапқа, кеш иесінің өмір жолдарына қатысты түрлі сауалдар жолдап, қызғылықты жауаптар алды.

Кітаптың ресми тұсаукесерін жасаған белгілі ақын-журналист Хасен Зәкәрия дәл қазіргі таңда кітап жазудың да, оны баспадан шығарып, ел арасына таратудың да үлкен машақат әрі қып-қызыл қаражат екендігіне тоқтала келе, кез келген кітаптың бағасы оның үлкен-кіші көлемімен емес, мазмұндылығымен бағаланатындығын баса айтты.

- Айқай-шу, төбелес туралы айту мақтан емес, әрине. Десек те, болашақ ұрпақ рухтансын, қай жерде жүрсе де қазақ деген батыр да, батыл халық екендігін іспен дәлелдеп жүрсін – деген оймен, бастан кешкен оқиғаларымды жазған едім.
Бұл кітапты оқып шыққаннан соң сіздердің де үлкен рух алып, өнер мен дәулет иесі бола алатындарыңызға септігім тисе, менің бұл еңбекті жазғандағы мақсатымның орындалғаны болмақ. Кітапта адам аттары мен ұлт атауларын атағандағы мақсат – біреуді кемсітіп болмаса біреудің намысына тию емес, тек болған оқиғаны қаз-қалпында баяндау ғана екендігін айта кеткім келеді. Сондықтан, атаулы жәйттарды жандарына жақын қабылдайтын жандар мен қайсыбір ұлт өкілдерінен алдын ала кешірім сұраймын, – деді кеш барысында сөз алған шығыс жекпе-жегінің қарабелбеулі шебері, әйгілі Мұстафа Өзтүріктің өз қолынан Таэквондоның «Қара белбеуін» (І-дан) алған кітап авторы.

Кеш барысында Жиынбек Рәбілұлы сазы мен сөзін өзі жазған «Анашым қартаймашы» атты әйгілі әнін гитарамен сүйемелдей отырып Өскеменде тұратын қос әпкесі және туған бауырларымен қосылып орындап берді.

Тұсаукесерге келген жерлестеріне ризашылығын білдіріп, қолтаңба беріп, естелікке суретке түскен кеш авторы ертең Риддерде, сосын еліміздің Батыс өңірі мен Көкшетау, Солтүстік Қазақстанда да дәл осындай кештер ұйымдастырылып жатқандығын айтты.

Фото: Валерий Шведов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу