Көлік ішінде қағаз жағып, аман қалды – Катонқарағай (ВИДЕО)
13 қаңтарда Катонқарағай ауданында 1982 жылы және 1988 жылы туған екі ер адам Жаңа-Хайрузовка ауылынан Алыбай ауылына қарай бағыт алып, хабарсыз кеткен.
Сөйтсе, олар жол жүрген «ВАЗ 2114» автокөлігі қарға батып қалып, діттеген жерлеріне жете алмаған.
Жоғалғандарды іздестіру үшін ӨБ-27 күштері мен полиция жұмылдырылды. Сағат 21:30-да іздестіру тобы оларды даладан, Жаңа-Хайрузовка мен Алыбай ауылдары арасындағы тас жолдан 15 км қашықтықта тапты.
Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін көлік ішіндегі адамдар орталық аудандық ауруханаға жеткізіліп, тек дәрігерлер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді.
Ер адамдардың айтуы бойынша, көлікте тоңып қалмас үшін автомобиль салоынында қағаз жағып отырған.
ШҚО ТЖД боран-шашын туралы ескерту туралы ақпарат алғанда құтқарушылардың дабылына құлақ асуын сұрайды:
- елді-мекеннен алысқа шықпау;
- егер жолға шығып кеткен болсаңыз, көлікте алғашқы медициналық көмек қобдишасын, арқан, күрек, жылы киім сияқты жабдық пен тамақ, ыстық шай болғаны жөн;
- «Darmen» мобильді қосымшасында ауа райы туралы ақпаратты қадағалау;
- Құтқарушыларды көліктен шықпай, күтіңіз. Автокөлікті сағат сайын 10 минутқа қыздыру;
Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, қиын жағдайдан шығуға болады.
Құтқарушылардың көмегі қажет болса, 101 және 112 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз.