Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері қатысқан футбол матчы өтті

Өскемендегі «Восток» стадионында ерекше спорттық акция ұйымдастырылды. Бұл күні «Спорттық Өскемен» концепциясын жүзеге асыру іс-шаралары аясында Олимпиада ойындарының, Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлерінің қатысуымен футболдан жолдастық кездесу өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жасыл алаңға шыққандардың арасында балуандар, боксшылар, жеңілатлеттер мен басқа да спорт түрлерінің өкілдері болды. Олардың арасында әсіресе 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесіне ие болған Нұрбақыт Теңізбаев, дүниежүзілік Универсиаданың жүлдегері Ербол Қоңыратов, сондай-ақ апайтөс балуан Айбек Нұғымаровты атап өтуге болады. Осы ретте жолдастық кездесу Алматы облысынан арнайы келген «Zhetysu Champions» пен шығысқазақстандық «Altay Champions» командалары арасында өткенін айтқан абзал.
Матч алдында жиналғандарды алаң иелерінің капитаны, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар құттықтап, мұндай шаралардың халық арасында салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Ал ойынның өзіне келер болсақ, аса тартысты өрбіген бұл матчта 2:1 есебімен Алматы облысының командасы жеңіске жетті. Кездесуден кейін Ж.Омар қонақ командаға салтанатты жағдайда арнайы кубокты тарту етті.