Өскемен тұрғыны полиция қызметкерін пышақтап тастады
Бұл оқиға Өскемен қаласында ағымдағы жылдың 15 қаңтарында болған. 60 жастағы ер адам полиция қызметкерін пышақтап тастаған еді. Алайда бұл қылмысы оған үшін бір жылға бас бостандығын шектеу және 80 сағатқа дейін түзету жұмыстарына тарту жазасы тағайындалыпты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осы іс бойынша прокурордың аппеляциясын қараған ШҚО соты берілген жазаны тым жұмсақ деп тауып, үкімді өзгертті.
Оқиға былай өрбіген екен. 15 қаңтар күні қолына пышақ ұстаған Ш. есімді азамат мас күйінде Михаэлиса көшесінде жүрген. Мұны көрген тұрғындардың бірі полиция шақыртады. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері мас адамнан үйіне қайтуын сұраған. Ал ол болса тәртіп сақшыларын балағаттап, біреуінің кеуде тұсына пышақ салып алады. Полиция қызметкерін үстіне киген формасының арқасында жеңіл жарақат алған.
Сараптаманың нәтижесінде полицейдің алған жарақаты жеңіл деп көрсетілгендіктен, сотта айыпталушыға да жеңіл жаза тағайындалыпты.
Мұндай шешіммен келіспеген прокурор екінші инстанциядағы сотқа арызданған. Бұл жолы айыпталушының бұған дейін өз жұбайын пышақтамақ болғаны үшін сотты болғаны анықталып, жазасы қатайтылды. Екінші инстанциядағы сот Ш.-ға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап отыр. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.