Өскемендік оқушы жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген
Облыс орталығында 6 бірдей мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат берген тоғызыншы сынып оқушысы екені анықталды.
Оқушы өзі дайындалмаған тестілеуді кейінге қалдыру үшін осындай қадамға барған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні Өскемен қалалық білім бөліміне 6 мектепте жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында ақпарат расталмады. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ал, 15 қараша күні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қала мектептерінің бірінде 9 сынып оқушысы ұсталды.
- Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың АЕК мөлшерінде айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Мұндай қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады,- деп түсіндірді ШҚО ПД баспасөз қызметі.