Саябақтарда жаңажылдық безендіру жұмыстары жүргізілуде – Өскемен

Облыс орталығында жылдағы дәстүр бойынша шыршалар құрылып, көшелер мен саябақтарда жаңажылдық безендіру жұмыстары басталып кеткен.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар кеше облыс орталығындағы мұз айдындары мен қаланың мерекеге дайындығын тексеріп қайтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, кеше «Металлург» саябағы қала тұрғындары мен қонақтарына өз есігін айқара ашқан. Онда шырша құрылып, безендіру жұмыстары жалғасуда.
Бірінші күннен-ақ саябаққа жиналған тұрғындар қарасы көп екенін байқауға болады. Балалар сырғанақ теуіп, зейнеткерлер серуен құрып, би билеп, көңіл көтеріп жүр.
Саябақ таңертең 10.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Айта кету керек, қалада мерекелік безендіру жүргізілетін жаңа орын - С.Нұрмағамбетов саябағы. Биыл ғана ашылған жаңа саябақта да интерактивті шырша орнатылатын болады.