KZ
Өскемен
-1°
туман жел 1 м/с, ОШ
494.87 520.65 4.91

Шығыста праймеризге дауыс беру мерзімі тағы бір тәулікке ұзартылды

3.10.2020, 15:43 283

Өңірде сайлаушылардың онлайн және веб-сайттар арқылы, сонымен қатар мобильді қосымша арқылы дауыс беру белсенділіктерінің тым артуына байланысты саулаушылардың дауыс беруі тағы бір тәулікке, яғни 2020 жылдың 4 қазаны, сағат 14.00-ге дейін ұзартылды.

Аймақта бүгін 3 қазанда барлығы 221 сайлау учаскесі таңертең сегізде ашылғанын бағана айттық. Оларда сайлаушыларға дауыс берудің бірнеше баламасы ұсынылғанын да еске саламыз. Ақпараттық жүйедегі техникалық жүктемелерге байланысты өз дауыстарын бере алмаған партиялықтар аталған учаскелерде өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алды.

Естеріңізге салсақ, 1 және 2 қазан күндері дауыс беру қашықтықтан өткені белгілі. Ішкі партиялық іріктеу науқанына қатысу белсенділігінің жоғары болуына байланысты, сайтқа қолжетімділікте мәселе туындаған болатын. Олар үшін үшінші күнде қайта дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылды.
Облыс орталығында бұл күні он сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мәселен, № 3 сайлау учаскесінің төрағасы Айжан Кабдуллинаның айтуынша, дауыс беру қазіргі пандемия жағдайында барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, өткізілген.

 – Бұл учаскеде отыз адам дауыс беруі тиіс болды. Оларға дауыс беру үшін екі кабина дайындалған. Егер қиындық туындап жатқа көмек көрсететін кеңесшілеріміз де әзір тұрды. Сағат екіде дауыс беру аяқталды. Учаскедегі жұмыс барысын тәуелсіз бақылаушылар, үміткерлердің сенімді өкілдері және БАҚ қызметкерлері бақылады, – деді Айжан Кабдуллина.
Барлық процесс ашық әрі жариялы түрде өтті. Егер заң бұзушылықтар орын алғанда жедел әрекет етуге әзір болдық, - дейді Nur Otan партиясы Өскемен қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Серік Оразбайұлы.

Ал бүгін аталған учаскеге қаладағы Лев Гумилев атындағы № 38 мектеп-гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі Надежда Шушаникова бірінші келіп өз таңдауын жасады.

– Онлайн дауыс бере алмадық, себебі қатысқан адам саны өте көп болды. Бірақ дауыс беру азаматтық парызым болғандықтан, арнайы осында келдім. Праймериз партия үшін өте қажет деп санаймын. Әркім өзінің ауданы, қаласы, мемлекеті үшін таңдау жасауға тиіс, – дейді мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін Надежда.

Сондай-ақ қаладағы № 5 сайлау учаскесінде түске дейін жиырма адам дауыс беріп үлгерді, оның төрағасы Ольга Филатованың айтуынша, сақтық шаралары толық сақталып, барлық адамдар қорғаныш құралдары – бетпердемен, қолғаппен қамтылған. Келген адамдардың қызуы тексеріліп, антисептікпен қолдарын шайып, арақашықтық қатаң сақталған.

Дәл осындай тәртіптегі дауыс беру науқаны облыстық драма театрда орналасқан №1 сайлау учаскесінде де байқалды. Алдын-ала дайындық тыңғылықты жүргізілгендіктен, бұл жерде дауыс беру еш қиындық өтті. Бұл жерде жас ұрпаққа сапалы білім беруді өз бағдарламасына енгізген кандидатқа жастардың көбірек дауыс беріп жатқанын байқадық.

– Облыс бойынша 51 мың партиялық дауыс беруі керек болса, бүгін таңға дейін солардың 34 мыңы өз таңдауларын жасап үлгерді. Алыс ауылдарда орналасқан, интернет байланысы жоқ 62 сайлау учаскесінде дауыс беру дәстүрлі түрде бюллетендер арқылы берілді. Осы нұсқаны таңдаған он мың адамның 25 пайызы бүгін сағат онға дейін дауыс беріп үлгерді. Дауыс берудің тағы бір тәулікке ұзартылғаны дұрыс шешім болғаны анық, бұл барлық партиялықтарға өз үміткеріне дауыс беру үшін жасалып отырған тамаша мүмкіндік, - деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары, праймеризде облыс бойынша есеп комиссиясының төрағасы Серік Жеңісов.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу