Газ датчиктері Өскемендегі 23 адамның өмірін сақтап қалған
Азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері жеке тұрғын үй секторын аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексере бастады. Әсіресе әлеметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жағдайына ерекше мән берілуде.
Мамандар өрт қауіпсіздігі талаптары дәл осындай үйлерде жиі бұзылатынын айтуда. Облысымыз бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары, атап айтқанда аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мүгедек адамдар, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жалғыз басты қариялар тұратын 13 684 тұрғын үй тіркелген. Өткен жылыту маусымымен салыстырғанда мұндай үйлердің саны 19 пайызға артқан.
Осы ретте алдағы жылыту маусымына «Қазцинк» ЖШС-ның қолдауымен 2 500 улы газды анықтау датчигі сатып алынғанын атап өткен жөн. Аталмыш датчиктерді орнату жұмыстары басталып та кетіпті. Еске салайық, өткен маусымда мұндай датчиктің 2 200-і орнатылған.
Өскемен қаласының ТЖБ-нан хабарлағандай, ағымдағы жылы ғана жоғарыда айтылған дабылқаққыш құрылғылар 23 адамның (оның 17-сі бала) өмірін сақтап қалған екен.