KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Министрлік: "Марқакөлдегі майқан балығына су құзғындары қауіп төндіріп тұр"

13.08.2020, 03:18 530

Марқакөл» қорығындағы майқан балығына (ускуч, хариус) су құзғындары қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі ЭГТРМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ШҚО бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің айтуынша, осыдан 2-3 жыл бұрын қорық аумағында су құзғындарының саны 5-6 мыңға дейін жеткен.

Мамандардың зерттеуінше, бір су құзғыны күніне 700-800 грамм майқан балығының шабақтарын жеп қояды. Осылайша Марқакөл өңірінің мақтанышына айналған – майқан балығының өсіп, көбеюіне айтарлықтай залал келтіріп отыр.

Қорық қызметкерлері балықтардың уылдырық шашу маусымында су құзғындарының санын азайту үшін профилактикалық жұмыстар жүргізген. Мәселен, су құзғындарының санын азайту үшін оларды ұясына қондырмай, шулы дауыс шығаратын заттармен үркіту жұмыстары жүргізілген. Мұндай әдістер ұядағы жұмыртқалардың тез суып, балапан болып шықпай қалуына себеп болады. Сондай-ақ, орман инспекторлары су құзғынының жұмыртқаларын тесумен де айналысуда.

«Марқакөл» табиғи қорығының директоры Тимур Айкеновтың айтуынша, ең бірінші кезекте табиғатқа оның ішінде ерекше қорғалатын майқан балығының көбеюіне залалы тимеуі үшін су құзғындарын саны реттелетін жан-жануарлар санатына жатқызу керек.

"Табиғи заңдылықтар бойынша су құзғыны ұядағы жұмыртқасынан балапан шықпаса, ол жерден ауып кетеді. Қазір атқарылған шаралардың нәтижесінде «Марқакөл» табиғи қорығындағы су құзғындарының саны айтарлықтай азайды. Шамамен 500-600 бас су құзғыны бар. Мамандардың сөзінше, су құзғындарының қаптап кетуіне бірінші кезекте аңшыларға су құзғындарын атуға рұқсаттың жоқтығы себеп болып отыр. Сондықтан, ол саны реттелетін құстардың санатына жатқызылуы керек. Тек сонда ғана аңшылар олардың артық санын атып, популяциясын реттеп отырады", – деді Тимур Айкенов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу