Мешіттердің карантиннен кейінгі жұмысы қалай болады?
Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктен мәлім еткендей, кездесуде карантин талаптары жеңілдетілген кезде діни ғимараттардың жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Бас мүфти мешіттер ашылған жағдайда діни ғимараттағы қызмет санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізілетінін мәлімдеді.
Өз кезегінде вице-министр ҚМДБ-ның мешіттерде коронавирус індетінің таралуының алдын алу бойынша бірыңғай іс-қимыл тәртібін әзірлеудің орындылығын жеткізді.
М.Әзілханов мемлекет пен діни бірлестіктердің, әсіресе пандемия сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында одан әрі ынтымақтастығы қажеттігін атап өтті.
Вице-министр ҚМДБ төрағасына діндар азаматтардың мәжбүрлі карантиндік шараларға түсіністікпен қарағаны және олардың арасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде мемлекетке көмектескені үшін алғыс айтты.