42 500 теңгені кімдер өтінішсіз ала алады?
Кейбір категориядағы азаматтар шілде айына берілетін 42 500 теңгені порталға өтініш бермей ала алады екен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, кейбір категориядағы азаматтарға проактивті төлем жасау туралы шешім қабылдаған.
Әр аймақтағы техникалық шектеулерді есепке алынып, әлі күнге дейін ешқандай кіріссіз отырған адамдар тобы анықталыпты. Бұл категориядағы азаматтарға төлем портал мен телеграмға өтінішсіз, өз келісімі бойынша сырттай тағайындалады екен.
Проактивті төлем тағайындалғаны туралы 16 шілдеде ұялы телефон номеріне өз жағдайын растау туралы хабарлама келеді. SMS алған адам жағдайының 5 шілдеден бастап өзгермегенін растауы тиіс. Ол үшін 0 санын хабарлама ретінде жіберу керек.
Айта кетсек, 17 шілдеден бастап 42 500 теңге бойынша өтініш қабылдау басталады. Төлемге өтініш беру мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасады.