Аягөз бен Жармада қатаң талап енгізіледі
Қазіргі таңда ШҚО-да Семей, Өскемен қалаларынан бөлек, Аягөз және Жарма аудандарында COVID-19 вирусын жұқтырған тұрғындар саны күн санап артып, инфекцияның таралу аумағы кеңею үстінде. Осыған байланысты тағы бірқатар елді мекендерінде қатаң талаптар енгізіледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Тек Аягөз қаласының өзінде 105 адам ауырса, жалпы аудан ішінде 161 науқас тіркелген. Ал Жарма ауданында қазіргі уақытта 98 адам вирус жұқтырған. Олардың 57-сі Қалбатау тұрғындары.
Бір ғана маусым айының ішінде облыс аумағында науқастар саны 5,3% немесе 700 адамға артты. Соңғы тәулікте вирус 96 адамда анықталып, облыстағы науқастар саны 2116 құрады.
- Кезекті рет аудан, қала әкімдерінің, тиісті орган басшылары мен ауруханалардың бас дәрігерлерінің қатысуымен онлайн режимде жиналыс өткіздім. Оның барысында әрбір ауруханадағы жағдайды мұқият қараудамыз. Сондай-ақ, Аягөз, Жарма аудандарында шектеу шараларын күшейтуді тапсырдым. Болып жатқан жағдайға тек қатаң шектеулер мен азаматтарды оқшаулау шаралары ғана түбегейлі шешім бермек. Семейде енгізілген шектер шаралары бүгінде өз нәтижесін беруде. Баяу болса да, кезеңімен қысқарып келеді. Сондықтан сіздерден барынша әлеуметтік қашықтықты сақтап, санитарлық талаптарды толық орындауды өтініп сұраймын – дейді облыс әкімі.