Заңгерліктен сәнгерлікке кету. Сұлулық салонын ашқан қыз туралы
5 жылға жуық уақыт оқыған мамандығыңызды тастап, басқа салаға кетуге тәуекеліңіз жете ме? Бүгінгі кейіпкеріміз - сондай тәуекелге барған адам. Ол заңгерлік қызметін тастап, визажист, маникюрдің оқуын оқыған. Қазір Өскемендегі қыз-келіншектерді бояндырады, әрлейді, тіпті, шәкірттері де бар. 6 жыл бойы кәсіптің қыр-сырын үйреніп, білім алудан жалыққан емес.
Мөлдір, өзіңіз оқыған мамандықтан сұлулық әлеміне кетуге не түрткі болды?
- 2012 жылы заңгер болып еңбек жолымды бастадым. 3 жылдай осы мамандық бойынша еңбек еттім. 2013 жылы желтоқсанда еңбек демалысымды алып, Александра деген қыздан маникюр курсын оқыдым. Сол 1 айда кірпік жалғау, маникюрді үйреніп алып, үйреткен қыздың қасында пайызға отырып жұмыс істеп көріп, ол кездегі ақшамен едәуір табыс таптым. Себебі сотта небары 30 мың теңге айлық алатын едім. Ал мұнда Сот төрағалары алатын 90 мың теңгені, яғни, жалақымнан 3 есе артық табыс таптым. Сосын жұмыстан шығып осылайша сұлулық саласындағы еңбегім басталып кетті.
Бұл шешімге жақындарыңыз қалай қарады?
- Сұлулық саласын таңдап ол жұмысымды тастағанда анам, туыстар қарсы болды. Себебі заңгерлік беделді мамандық боп саналатын. "Кейін осы салада тамыр-таныс болады ғой" деген де ойлар болғаны жасырын емес. Кейін анам "осы салада істей ғой, бірақ ішкі істер органдарында жұмыс істеп көрсең қалай?" деді. Бір жағынан шен тағып, әдемі форма киіп жүргендерге өзім де қызығатынмын. Кейін ішкі істер органына тапсырып, 3 ай тестілеу сынағынан өтіп, Семейге оқуға бару керек болғанда дін жолына түсіп, намаз оқып, бұл саладан бас тартып, Алматыға тарттым.
Жеке салоныңызды қалай аштыңыз?
- Осы салада көтерілуім керек деген алдыма мақсат қойдым. Күндіз салонда, кешкісін клиенттерді үйімде қабылдай бастадым. 2015 жылы Алматыға барып, бір жарым ай үлкен орталықтан маникюр мен қасқа перманент татуаж жасау, кірпікті ламинаттау-
ды үйрендім. Өскеменге қайта келіп, салон іздеп, басқа қыздармен 3 айдай бірге істедім. Кейін ол жерден кетіп, тағы бір шеберлермен қосылып, студия аштық. Сол кісілермен 2 жылдай істеп, тәжірибе әрі клиенттер базасын жинадым. Алайда өзгелердің маған басшы болып, нұсқағаны ұнамайтынын түсініп, жеке өзім бөлек шығуға бел байлап, қазіргі салонымды жалға алдым. Алып отырған орынға жөндеу жұмыстарын жасап, жаңадан команда жинап, барлығын басынан бастадым. Бірте-бірте жұмысым да жүре бастады.
Демек жалға орын алып та, кәсіпті өркендетуге бола ма?...
- Әрине, болады. Бірақ кейін ғимараттың иесі бұл жерді сататынын айтты. Сатып алуға қандай көмек болады деп, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына барып, жағдайымды, кәсібімді айтып, жалға алып отырған орынды қалай сатып алу жөнінде кеңесіп, құжаттар жинай бастадым. 4 айдан кейін "Даму" қоры керекті қаржыны беріп, ғимаратты сатып алдым.
Бұл кәсіпте ең маңыздысы команда ғой. Командаңызды қалай жинақтадыңыз?
- Соңғы 3 жыл ішінде шеберлер бірі кетіп, бірі келіп жатты. Оқуға барып-келіп жүрдім, баспана алдым, психологиялық әрі материалдық тұрғыдан қиын болып кетті. Оның үстіне ол кезде макияж, кірпік жасауды білмейтінмін. Кейін оларды да оқуға бел байладым. Анам қоғамдық көлікте кондуктор болып жұмыс істейтін, анамды қасыма алып, шаш қиюды,
бояуды, түзетуді үйреттім. Кейін емдік массаж бен шаш үлгілерін жасауды Алматыдан өзі үйреніп келді. Екеуміз ғана 3 айдай бірге жұмыс істеп, көтерілдік. Одан кейін ақырындап команда жиналды. Мендегі шеберлер - көбінесе өзімнің шәкірттерім.
Өзіңізді қалай дамытып отырасыз?
- Жылына жоқ дегенде 2-3 біліктілікті арттыру курстарына, семинарға барып, осы салада өзімді әлі іздей беремін. Себебі бизнесте табысқа жету үшін бір күн емес, кемі 3 жыл күту керек. Тапқан қаражатымның бірсыпырасын білім алуға жұмсадым. Мәскеуге әлем мойындатқан визажистердің бірі - Гоар Аветисяннан бет әрлеуді үйреніп келдім. 2019 жылы сол кісінің 2-ші деңгейдегі арнайы курсына тағы бардым. Кейін мамыр айында кірпік жасауды оқиын деп Грузияға бардым. Қазір кез келген шеберлер орнында болмай қалса не кетіп қалса, ол жұмыстарды қиналмастан өзім атқара беремін.
Клиенттерді қалай тартасыз?
- Клиенттерді әр түрлі акция-лармен тартамын, міне, енді облыс әкімінің "Шаңырақ" деген бағдарламасы шықты, көпбалалы аналар мен олардың отбасы мендегі қызмет түрлерін жеңілдікпен алады. Сол бағдарламаға өзімнің үлесімді де қосайын деп қатысып жатырмын. Негізі жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі жандарға оқуларын тегін үйретіп, қолдауға тырысамын. Ең соңғы клиент дейін жұмыс істеймін. Нақты жұмыс тәртібі жоқ. Қай уақытта жазылса, сол уақытта қабылдай аламыз. Баға жағынан да қызметтер қымбат емес. Көбінесе адамның жағдайына, қалтасына қарап, жеңілдік жасаймыз. Қатып қалған баға жоқ.
Мөлдір, материалдық және моральдық тұрғыда бизнес сізге не берді?
- Осы кәсібімнің арқасында көптеген жерлерді араладым, Мәскеуге 2 рет, Грузияға, Түркияға барып, ел көріп, жер көрдім. Қазір енді осы салада төреші болып жүрмін. Көптеген білікті мамандармен танысып, көзбе-көз жүздесіп, тәжірибе жинадым. Өзімнің баспанамды алдым. Қаншама қиыншылықтарды еңсеріп, төзімді, сабырлы болуды, шешімді тез қабылдауды үйрендім, тек алға ғана жүріп, "сәл-сәл" қалды деп өзімді шабыттандырып қоямын. Әлі солай келе жатырмын.
Бизнес бастауға қаржы қолбайлау бола ала ма?
- Өтірік айқаным емес, "Даму" қорына барғанымда қалтамда 500 теңге ғана болған. Қазір сол кез болмағандай. Менде соңғы 6-7 жылдан бері пайдаланып келетін қойын дәптерім болды. Оның ішінде бизнес бастамай тұрғанда "Менің бизнесім" бар деп жазып қойыппын. Оны "Секрет" деген фильмнен көргенмін. Жалпы орындалған армандарымды сол қойын дәптеріме осыдан 6-7 жыл бұрын жазған екенмін. Ол кезде менде ештеңе де жоқ еді. Барлығы өзіме сенгеннің және анамның қолдауының арқасы. Біреудің айтуымен жүретін, өзгелердің сөзіне еретін адам, ешқандай жетістікке жете алмайды. Тіпті, сенім артқан адамдарыңа барлығын үйретсең де, кетіп жатқандар болды, жай кетпей, клинеттерімді де алып кетті. Ондай жағдай өте көп болды, ол үшін көңіліңді түсіріп, қиналудың керегі жоқ. Қорқыныш адамның жолын жабады.
"Анам кондуктор болып қызмет етті" деп қалдыңыз… Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
- Әкем жоқ, анам ғана бар. Туған жерім - Зайсан қаласы. 2 жасымнан бері Бұқтырма ауылында тұрып, 9-сыныпқа дейін сол жақта білім алдым. Бұқтырмада анам балықпен айналысты. Үйде жалғыз бала болғандықтан анам "ертең маған бір жағдай болса, сен, аяқта нық тұруың керек!" деп еңбекке ерте араластырды. Қазір, міне, аяққа нық тұрдым деп айта аламын. Қандай жағдай болса да, қорықпаймын. Әуелі - Алланың, кейінгісі - анамның арқасы. Ол мені әр кез шабыттандырып, қолдап отырды. Өскеменге 2009 жылы көшіп келгенде жалдамалы пәтерде тұрдық. Анам 7 жылдай қоғамдық көлікте кондуктор боп тер төкті. Мен колледж-
ге оқуға түстім. Қара жұмыс істеп жүріп, мені өсіріп, білім берді. Қосыша кондитерлік курс оқып, торт пісіріп, саттым. Тіпті, қиналғанда анаммен бірге автобустарға да шыққан кездер болды. Кәсіп ашқанда, пайызға қарыз алып, айына 200 мың теңге төлеп, 4 млн теңге қып қайтарған кездер де болды. Сол уақытта ешкім көмектескен жоқ. Адамда проблема болған сайын, алға жылжу болады екен. Сондықтан проблемамен бетпе-бет келу керек.
Салон ашуда нені ескеру керек?
- Көбі "салон ашсам, бір кісіні бояп 6 мың теңге, тырнақ істесем,
5 мың теңге қалтама түседі" деп ойлайды. Кәсіпте одан бөлек салығы бар, материалдардың, аппараттардың шығыны, біліктілікті арттыру бар. Кейбір шеберлер 10-15 жыл бұрынғы біліммен жүре береді. Өз басым ондайға қарсымын. Қазір күн сайын жаңа заттар, жаңа әдістер шығып отыр. Сондықтан білімге қаржыны құя беру керек. Ұзаққа бармай, жабылып қалған салон бизнестері бар. Бастапқыда ешқандай пайда болмайды. Материалдың өзі қазір арзан тұрмайды. Бет әрлеу үшін ғана 200-300 мың теңгенің косметикасы кетеді. Ол көп уақытқа да жетпейді. Клиенет болмай қалса, бұзылып кетуі де мүмкін.
Алда қандай жоспарлар бар?
- Кейбір адамдар "Күні-түні істейсің, үнемі күліп жүресің? Қалай шаршамайсың?" деп таңғалады. Шаршамаймын, Алматыда осы салонымның филиалын ашқым келеді. Алматыға көшу жоспарда бар. Өйткені жолдасым сол жақтікі. Өскемендегі салонның ипотекасы бітсе, анам бас-көз боп отырады. Өзімді де, кәсібімді өркендете беремін. Ташкент пен Стамбулға шақырып отыр. Кәсіп кәсіппен, бірақ отбасын да ойлау керек екен. Жақында тұрмыс құрдым. Алла бұйыртса ана атанғым келеді.
Мөлдір, кәсібіңіз өрлей берсін, сұхбаттасқаныңызға рақмет!