Тарбағатайда екі адам өртеніп кете жаздады
Тарбағатай ауданының Ырғызбай ауылдық округінде қураған шөп өртеніп, 60 га аумаққа таралды. Тілсіз жауды өз күшімен ауыздықтауға ұмтылған екі ер адам өртеніп кете жаздады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қатты желдің салдарынан жалын жан-жаққа тез таралып, «Темір» шаруа қожалығына қауіп төндірген. Шаруа қожалығының қожайындары өртті өздері сөндірмек болады. Салдарынан 42 және 30 жастағы екі ер адамды күйік шалып, ауыр жарақат алды. Оларға жергілікті тұрғындар дер кезінде көмек көрсетіп, өрттен алып шыққан екен.
Жалынды ауыздықтауға өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері, тірек пунктінен 8 адам және жергілікті тұрғындардан 30 адам жұмылдырылды. 2 маусымда кешкі сағат 18.40 шамасында тұтанған өрт бүгін таңғы сағат 5.30 кезінде толықтай сөндірілді.