Шомылу маусымы: ШҚО полициясы құтқару жұмыстарына дайын
Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері өткен жылы үш рет суға батып бара жатқан адамдарды құтқарып қалды. Екі полицей ішкі істер министрінен мадақтама алды. Облыстық полиция департаментінің басшысы полковник Сағат Мәдиев шомылу маусымының қарсаңында тәртіп сақшыларының дайындығын тексерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Департамент басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және қылмыстың алдын алуға жұмылдырылған жеке құрамның дайындығын тексерді.
«Шомылу маусымының ашылуына байланысты жағалауларды патрульдеу, ондағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау сынды мәселелерге ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ полицияның саптық бөлімшелерінің әрбір патрульдік машинасы суға батып бара жатқан адамдарды құтқару құралдарымен толық жабдықталуы тиіс. Дайындық тыңғылықты, оған көз жеткіздік», – Сағат Мадиев.