18 мамырдан бастап мешітке баруға болады
Қазақстанда мешіттер 18 мамырдан бастап келушілерді қабылдайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.
Мешітке баруға рұқсат етілгенмен, ол жердегі уақыт шектеулі екен. Яғни, келушілер мешітте 15 минуттан артық болмауы керек. Сондай-ақ, әзірге жеке намаз, Құран оқу, неке қию рәсімдерін өткізуге ғана рұқсат беріліп отыр.
Мешітке бірден 10 адамнан артық кіргізілмейді. Намаз оқу залдарында арнайы орындарда 1,5 метр ара қашықтықты сақтап отыру қажет, намаз аяқталған соң бірден мешіттен кету керек. Келушілерге бір-бірімен қол алысып амандасуға тыйым салынады. Залдарда әр 3 сағат сайын дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Кіре берісте антисептик қолдану қажет. Имамдар, молдалар мен келушілер маска мен медициналық қолғаптар киюге міндеттеледі. Ал қарт немесе денсаулығы нашар адамдарға, балаларға мешітке бармауға кеңес беріледі. Кіретін есік пен шығатын есіктер бөлек болуға тиіс.