Өскеменде пайдаланылмайтын жертөлелердің мәселесі шешіледі
Өскемен қаласының әкімі пайдаланылмай жатқан жертөлелердің мәселесін шешуге уәде етті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қаладағы мектептердің директорлары мұндай жертөлелердің мәселесін бұрыннан көтеруде. Жертөленің көбі білім беру мекемелерінің маңында орналасқандықтан балаларға қауіп төнідіріп тұр.
Бұл мәселені № 16 орта мектептің директоры Гүлзиқан Сауырбаева шаһар басшысымен кздесуде көтерді.
- Біздің мектептің аумағына жертөлелер жақын орналасқан. Олар ашық жатыр, ал балалар олардың жанынан күнде өтеді, - дейді мектеп директоры.
Әкімнің айтуынша, мәселе қаралуда екен.
- Жертөлелерге қатысты жұмыстарды біз өткен жылы бастаған едік. Пайдаланылмай жатқан жертөлелер өте көп. Өткен жылы ондай 20 жертөлені жаптық, биыл жұмыстар жалғасын табады. Ең алдымен мектептер мен балабақшалардың маңындағы жертөлелермен айналысамыз, - деді Жақсылық Омар.