Өскемендегі Шәкәрім даңғылы кеңейтіліп жатыр
Өскемендегі Шәкәрім даңғылы кеңейтілуде. Жол бастан-аяқ екі жақты қозғалысқа ыңғайлы болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тургенев және Белинский көшелері түйісетін тұста кеңейтіліп қойды. Қазір жолдың негізгі қабаты төселіп жатыр. Ал осы тұстан Абай даңғылына дейін жол отырып кетпес үшін қиыршық тас төселуде. Сондай-ақ бұл жерде трамвай рельстерінің бойына асфальт төсеу жұмыстары қатар атқарылады.
Айта кетейік, даңғылды кеңейту үшін 14 жер үйді бұзуға тура келді. Әлбетте тұрғындар өтемақы алып, көшіп кетті. Қазір Тургенев көшесі мен даңғылдың қиылысында жалғыз үй ғана қалды. Ол соғыс ардагеріне тиесілі болса керек. Үй иесі өз қолымен салған баспанасын тастап кеткісі келмейтін көрінеді.