ШҚО-дағы басқарма қазақ тілін мазақ етіп отыр
«Таргататай ауданы, Абылайхана көшесі». Бұл не масқара?! Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыспен қамту орталықтарының мекенжайы көрсетілген брошюраның суреті тарады. Желі қолданушыларының бірі Тимур Смағұлов бұл қағазды Катонқарағай ауданындағы жұмыспен қамту орталығынан алғаны туралы жазады. Мәселе сонда, бір бет брошюрада бірнеше ауданның атауы дұрыс жазылмаған. Мамандар өрескел қателерге жол беріп отыр.
Айтайық, жұмыспен қамту орталығының мамандары «Катон-Қарағай ауданы» деп жазған. Дұрысы, қазақ тілінде – Катонқарағай. Ал бұл ауданның орталығы - «Большенарым» емес, «Үлкен Нарын» ауылы. «Қашаннан бері аудан орталығының атау өзгеріп кеткен?» деп таңда жазды Тимур Смағұлов.
Ал Тарбағай ауданы «Таргататай» деп жазылған бұл брошюрада. Алтай ауданы неліктен «Зырян» деп жазылып жүр? Бұл ауданның атау өзгергелі бір жылдан асқан жоқ па?!
Сондай-ақ «Шерияздана», «Абылайхана» және «Бескарагай», «Аксуат», «Кокпекты» «Аягоз» сынды төл әріптерден ақсаған сөздерді тізе беруге болады.
Желі қолданушылары аталмыш жазбаның астына «Мыналары масқара екен?», «Жауапсыздық па, жоқ бұлар мемлекеттік тілді менсінбей бе?» деген сынды пікірлер қалдыруда. Осы сауалдарға жауап іздеп, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қоңырау шалып көрдік. Тұтқаны көтерген қызметкер бір сағат бойы бірде-бір жауапты тұлғамен байланыстыра алмады. Анықтама жұмысының ақсап тұрғанын басқарманың ресми сайтының реңі де көрсетіп тұр. Мұнда әлдеқашан аты өзгерген аудандар әлі де идеологиялық ескірген атауымен жазылып жүр екен.