Қазақстан ет экспортын неге шектеді? Министрлік түсініктеме берді
Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал (ІҚМ) етін экспорттауға қатысты енгізілген уақытша шектеулердің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ІҚМ етін әкетуге арналған квоталарды бөлу қағидалары қолданысқа енгізілді. Аталған норма 2026 жылғы 30 маусымға дейін күшінде болады. Экспортқа арналған квотаның жалпы көлемі 20 мың тонна болып белгіленді.
Квота меншікті бордақылау алаңдарында өсірілген мал басын пайдаланатын ет өңдеуші кәсіпорындарға бөлінеді. Бір субъект үшін берілетін квота көлемі бордақылау алаңының қуатына тікелей байланысты. Атап айтқанда, бордақылау алаңының қуаты 5 мың бастан асса – 1 000 тонна, 10 мың бастан жоғары болса – 2 000 тонна, 15 мың бастан асқанда – 3 000 тонна, 20 мың бастан жоғары – 4 000 тонна, ал 50 мың бастан асқан жағдайда 10 000 тоннаға дейін сиыр етін экспорттауға рұқсат етіледі.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шаралар толық өндірістік циклді кәсіпорындарды қолдауға және сыртқы сауда операцияларының ашықтығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар шектеулер ішкі нарық мүдделерін қорғау және мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық міндеттерінен туындап отыр.
Уақытша квоталау тетігінің негізгі мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімді терең өңдеуді ынталандыру, статистикалық деректердің айқындығын қалыптастыру және еттің шығу тегін тиімді қадағалау.
Шектеулерді енгізуге жекелеген компаниялар мен шағын сою цехтарының малды бордақылаусыз қайта сатып, меншікті өндірістік базаны дамытпай экспортқа шығаруы себеп болған. Мұндай тәжірибе алыпсатарлық делдалдыққа жол ашып, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігін бұзып, бағаның өсуіне әсер еткен.
Осыған байланысты квоталау тетігі мал өсіру және бордақылаумен айналыспайтын экспорттық делдалдарды нарықтан ығыстыруға, ал өндірістік инфрақұрылымға инвестиция салып, технология енгізіп, жұмыс орындарын құратын нақты өндірушілерді қолдауға бағытталып отыр.
Сандық шектеулерді бөлу, квота көлемі мен қолданылу мерзімін айқындау орталық мемлекеттік органдар тарапынан уәкілетті органмен келісу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ішкі нарықтағы жағдайға жедел әрекет етіп, отандық тұтыну басымдығын сақтауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, қабылданған шешімдер қазақстандық мал шаруашылығын ұзақ мерзімді дамытуға, тұрақты ішкі нарық қалыптастыруға және тұтынушыларды сапалы әрі қолжетімді сиыр етімен қамтамасыз етуге бағытталған.