Bek Air ұшағының қара жәшігі Мәскеуге жіберіледі
Алматы маңында апатқа ұшыраған Fokker 100 ұшағының қара жәшігін оқу үшін Мәскеуге жібереді. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Кеше вице-премьер Роман Скляр мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасымен сөйлесті. Бүгін кешке, 18.40-та Мәскеуден Алматыға сарапшы келеді. Жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Ертең біз қара жәшікті оқу үшін мемлекетаралық авиация комитетіне, Мәскеу қаласына жібереміз. Дүйсенбіден бастап жұмыс басталады, – деді Қамалиев.
Еске сала кетейік, 27 желтоқсан күні сағат 07:22-де Bek Air әуе компаниясының № Z2100 Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсі ұшу кезінде биіктікті жоғалтып, бетон қоршауға соғылған. Нәтижесінде екі қабатты ғимаратқа соғылып құлады.