Күршім жақта балықшылар мінген көлік мұзға түсіп кетті
Қараша айының соңы бір топ күршімдік балықшылар үшін қаралы күнге айнала жаздады. Су қойма үстінде көліктері су астына кете жаздаған балықшылар құтқарушылар көмегіне жүгінді.
Құтқарушылар Алғабас ауылының маңына келіп жеткенде, балықшылардың көлігі белуардан суға батқан екен. Абырой болғанда оқыс оқиға қалыңдығы 5-7 сантиметрлік қана мұз қабыршағы түскен жағаға жақын жерде орын алған. Құтқарушылар балықшылар мен көліктерін жағаға тартып шығарып, Күршім ауылына дейін шығарып салды.
"Біз қараша айы басталғалы бері балықшылар көп жүретін жерлерді аралап, ескерту жасап келеміз. Тексеру жүргізетін аумақ өте үлкен. Күршім өткеліне дейінгі аралықтың өзі 36 шақырымды құрайды. Осы уақытқа дейін 100 шақты адамды ескертумен қамтыдық. Жеңіл автокөлікке 20 сантиметрлік мұз қабатының ғана шыдайтынын айтқым келеді. Сол себепті сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймын", – дейді облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі 9-шы бөлімшесінің бастығы Талғат Нұржанов.
Жалпы, жыл басынан бері өңірде сегіз адам балық аулау кезінде суға батып көз жұмған екен.