Жапонияда Олимпиада стадионы салынып бітті
Жапония Токио Олимпиадасына тыңғылықты дайындалып жатыр. Күншығыс елі жаңа ұлттық стадионның құрылысын аяқтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
60 мың адамдық кешенде олимпиада мен паралимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар жеңіл атлетика сайыстары өтпек.
Кешеннің құрылыс жұмыстарына 1,4 млрд доллар қаржы жұмсалды. 21 желтоқсанда ұлттық стадионның ресми ашылуы болады. Жаңа кешенде футболдан император кубогының финалы өтеді. Бұған дейін бұл жерде ескі стадион болған еді. Іргетасы 1958 жылы қаланған кешен 1964 жылы Токио Олимпиадасын қабылдаған болатын.
2020 жылғы жазғы олимпиада ойындары Жапония астанасында шілденің 24-де басталады. Ал паралимпиада ойындарының ашылуы тамыздың 25-не жоспарланған.