Тарбағатай, Көкпекті, Күршімге қашан газ келеді? ШҚО әкімі жауап берді
Облыстық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясы болды. Онда Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанова «Тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді, жылумен қамту ұйымдарын, тұрғын үй қорын және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді 2019-2020 жылдардың жылыту маусымына дайындау қорытындылары туралы» атты баяндама оқыды.
Баяндамашыға Тарбағатай өңірінен сайланған депутат Қайрат Нәбиев сұрақ жолдады: «Тарбағатай мұнай» компаниясының газ өндірумен айналысып жатқанына 10 жылдың айналасы болды. Осы көгілдір отынның қызығын Тарбағатай, Көкпекті, Күршім аудандарының халқы қашан көреді?»
Бұл сұраққа жиынға қатысып отырған облыс әкімі Даниал Ахметов өзі жауап беретінін айтты.
– «Тарбағатай мұнай» компаниясымен келісім осыдан 15 жыл бұрын жасалған. Үкіметке жіберілген. Келісімге қол қойған адамдардың көбі осында отыр. Келісім бойынша, Зайсан, Тарбағатай, Үржар, Күршім аудандары газбен қамтылады. Бірақ бізге газ қорының болашағы әлі анық емес. Алдағы уақытта барлау жұмысы қордың молдығын анықтаса, Үкіметке осы келісімді қайта қарауды ұсынамыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.