ШҚО-да ауылдан облыс орталығына қатынайтын автобус неге тоқтады?
Облыстық мәслихаттың кезекті отыз төртінші сессиясы өтті, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов баяндама оқыды. Мақаншы сайлау округінің депутаты Бауыржан Сейітханов Барлық Арасанан Өскемен мен Семейге қатынайтын автобустардың күз, қыс айларында тоқтап қалатыны туралы тұрғындар шағымданғанын, оның себебі неліктен екенін сұрады баяндамашыдан.
– «Өскемен – Барлық Арасан», «Семей – Барлық Арасан» автобус маршруттары бар. Бірақ бұл маусымдық маршрут болып есептеледі. Яғни, автобус мамыр-қыркүйек аралығында Барлық Арасанға дейін жүреді де, одан кейінгі уақытта, жолаушылардың аздығына байланысты, Мақаншыға дейін қысқарады. Тасымалдаумен Аягөз қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік айналысады. Бізге мұны қысқартпау туралы шағым халықтан түскен жоқ, депутаттан естідік. Алдағы уақытта қарастырамыз, – деп жауап берді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.