Алакөлді арамдаған қонақ үйдің ісі сотта қаралып жатыр
Алакөлді арамдаған қонақ үй жабылуы мүмкін, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.
Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде әлдебір қонақ үйдің Алакөлге арам су төккен видеосы тараған болатын.
Бейнежазбаны желіге туристер жүктеген. Осыдан кейін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері оқиға орнына барып, «Almatradegroup» ЖШС-не қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде заңсыздыққа барған басшылық айыппұл арқалаған болатын.
Ал бүгін аталмыш министрліктің басшысы Мағзұм Мырзағалиев қонақ үйді жабуға байланысты сотта іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Іс қазір сотта. Біз сотқа ол қонақ үйдің қызметін тоқтату туралы шағым бердік. Себебі аталмыш кәсіпорынның экологиялық рұқсаты болмаған. Сөйте тұра жуынды-шайындыны көлге төгіп, әкімшілік кодекске қайшы әрекет жасады. Сондықтан қонақ үй қызметі тоқтатылуы тиіс деп есептейміз, – деді Мағзұм Мырзағалиев.