ШҚО-да ер адам жедел жәрдем бригадасын соққыға жықты
Оқиға Семей қаласында бүгін түнгі уақытта болған. Сағат 3:38 шамасында қалалық жедел жәрдем станциясына жүкті әйелдің жағдайына байланысты қоңырау түседі. Шақырту бойынша келіп жеткен медицина қызметкерлерін отағасы соққыға жығыпты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жүктіліктің 8-ші айында жүрген әйел кенеттен ауырсыну белгілерін сезе бастаған. Күйеуі жедел жәрдем шақыртады. Қоңырау түскен соң бригада бір минут ішінде жолға шығып, 9 минутта науқасқа жетеді.
Фельдшерлердің айтуынша, әйелдің күйеуі мас күйде болған. Ол медицина қызметкерлеріне агрессия көрсетіп, балағат сөздер айтады. Әйеліне ауырсынуды басатын инъекция жасауды талап етіп, ақыры екеуін де соққыға жыққан. Бұл туралы олар станцияның жедел бөліміне хабар беріп, полиция шақыртқызады.
Қос фельдшерге де бас сүйек-ми зақымы және ми шайқалу деген диагноздар қойылып отыр. Бұларды соққыға жыққан ер адамның мұрны сынған. Дегенмен, фельшерлер жүкті әйелге қолдан келген көмекті көрсетіп, ауруханаға жеткізіпті.
Қазір зардап шеккен медицина қызметкерлері нейрохирургиялық бөлімде ем қабылдауда. Айта кетсек, оның біреуі 25 жастағы фельдшер Е. осы станцияда 4 жыл қызмет атқарған, ал екіншісі 29 жастағы фельдшер Т-нің мұнда жұмыс істеген уақыты – 1 жыл.
- Екеуі де жұмысында ескерту алып көрмеген, ұжымдастарының құрметіне ие, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысатын қызметкерлер, - деген мінездеме беріліп отыр медициналық мекемеде.
- Бұл жағдай бақылауға алынды. Өзіміздің кесімді позициямызды айтқымыз келеді. Ымыраға келу деген болмайды. Тәртіп бұзған адам заң жүзінде қатаң жазалануға тиіс, - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан.