«Астана» - «Партизан». Билеттер сатылымға шықты
Елордалық «Астана» мен сербиялық «Партизан» арасындағы матч билеттерін онлайн-сату басталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, аты аталған екі команда Еуропа Лигасының топтық кезеңінің екінші туры аясында кездеседі. Ойын 3 қазанда 20.50-де «Астана Арена» стадионында өтпек. Елордалық клуб биылғы Еуропа Лигасының топтық кезеңінде бірінші рет өз алаңында қонақтарды қарсы алады.
Сонымен, билеттердің бағасы 1 500 теңгеден 12 000 теңгеге дейін жетеді. Алтыншы санаттағы билеттер 1 500 теңге, бесінші – 2 000, төртінші – 3 000 , үшінші – 4 000 және екінші санаттағы билеттер 7 000 теңге тұрады. Ең қымбат 12 000 теңгелік билеттер бірінші санатқа жатады.
Билеттерді «Астана» футбол клубының ресми сайтынан және елорданың барлық ірі сауда орталықтарында орналасқан «Астана билеттері» дүңгіршектерінен сатып алуға болады. Сондай-ақ матчқа үш күн қалғанда «Астана Арена» стадионының кассаларында билтттер сатылымда болады.
Осы орайда айта кетейік, матч билеттерін қайта сатудың алдын-алу үшін бір адамға бес билеттен артық сатылмайды.
Теңбіл доп жанкүйерлеріне мәлім, «Астана» топтық кезеңінің алғашқы матчында «Манчестер Юнайтед» клубымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. «Қызыл сойқандар» тепкен доп тек 72-ші минутта ғана елордалық клубтың қақпасынан табылды. Ал «Партизан» өз алаңында «АЗ Алкмармен» тең ойнады – 2:2.