IBF және IBO. Головкин алдағы жекпе-жекте екі чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) жекпе-жекте бос тұрған IBF титулымен бірге тағы бір чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Алдағы жекпе-жекте IBO белбеуі де сарапқа салынады. Бұл туралы Vesti.kz интернет-ресурсы Халықаралық бокс ұйымының ресми сайтына сілтеме жасай отырып мәлімдеді.
Осы орайда айта кетейік, орта салмақта IBO белбеуін соңғы рет иеленген Головкиннің өзі болатын. Аталмыш титулды «GGG» 2011 мен 2018 жыл аралығында тақты. Ал IBF белбеуіне қазақстандық боксшы 2015-тен 2018-ге дейін иелік етті. Сонымен бірге Геннадий Головкиннің 2010-2018 жылдары WBA, ал 2016-2018-де WBC чемпионы болғаны бокссүйер қауымның әлі есінде.
IBO белбеуі кәсіпқой бокстағы беделі жағынан бесінші орында. Мәселен, абсолют чемпион атану үшін WBC, WBA (Super), WBO және IBF титулдарын иелену жеткілікті.
Головкин-Деревянченко жекпе-жегі 5 қазан Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.