KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 9 м/с, Ю
527.58 546.15 5.29

"Статистикаға сүйену саланы дамытпайды" - ШҚО әкімі

14.08.2019, 11:51 51

Облыс әкімдігінің отырысында Ауыл шаруашылығы басқармасы аудан, қала әкімдерінің ауыл шаруашылығы кешенін дамытудағы жартыжылдық жұмыстары сараланған рейтингті жария етті. Дегенмен, рейтинг қорытындысына көңілі толмаған өңір басшысы Даниал Ахметов бірқатар шенеуніктердің статистикалық деректерге ғана сүйеніп қорытынды шығаратынын ескертті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазянның айтуынша, аудан, қала әкімдері арасындағы рейтинг ауыл шаруашлығы кешенінің 16 көрсеткіші бойынша жүргізілген. Басты төрт бөлікке бөлінген көрсеткіштер қатарына ауыл шаруашылығы кешенінің макроэкономикалық коэффициенті, өсімдік және мал шаруашылығының дамуы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің дамуы енген.

Ол өз баяндамасында түрлі көрсеткіштер бойынша әкімдердің жартыжылдықта жеткен деңгейлеріне қарай жақсы немесе нашар жұмыс істегендерін анықталғанын атап өтті. Дегенмен, баяндамашыға өз саласы бойынша сауал қойып, толыққанды жауап ала алмаған аймақ басшысы Даниал Ахметов ауылшаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқан шенеуніктерге ескерту жасады. Статистикалық көрсеткішті жинап отыра бергеннен гөрі жағдайды өз көздерімен көріп, ақсап жатқан салалар бойынша аудан, қалаларға қажетті көмек көрсету қажеттігін айтқан ол салада әлі де саралауға жататын көптеген түйткілдердің барын атап өтті.

Рейтингтің соңында кетіп, негізгі проблемаға назар аударылмай қалуы мүмкін екенін алға тартқан облыс әкімі мәселені терең талдап, тың идеялар табу қажеттігін баса айтты. Кейбір аудандарда мал басы көп бола тұра сүт қабылдайтын орталықтардың мүлдем жоқ екенін тілге тиек етіп, мәселенің терең талдауды қажет ететінін атап өтті. Өз сөзін мысалмен нақтылаған өңір басшысы 26 мың бас ірі қарасы бар Ұлан ауданында 14 сүт қабылдайтын пункті болса, саны 50 мыңнан асып жығылатын мал басы бар Аягөз ауданында мұндай бір де бір нысанның салынбағанын айтты.

Осылайша, жасалған рейтнигті қайта қарау қажеттігін ескерткен ол «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бас болуымен арнайы комиссия құрып, сүтті мал өсіру бағытын талдау, қорытындысын партияның саяси бюро кеңесінде талқылау жөнінде тапсырма берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу