KZ
Өскемен
-12°
плотный туман Штиль
498.55 524.28 4.75

"Бір оқиға - екі түрлі ақпарат". Өскеменде өртенген үйден адамдарды алып шыққан кім? (ВИДЕО)

14.08.2019, 10:40 288

Өскеменде тамыздың 13-інен 14-іне қараған түні жер үйде өрт шығып, бір адам қаза болды.  Үйдегі басқа адамдарды оқиға орнына дер кезінде келіп жеткен патрульдік полиция қызметкерлері мен қала тұрғыны құтқарып үлгерген екен. Алайда, қалалық ТЖ басқармасының баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, өрттен адамдарды көршісі құтқарған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Өрт Петропавловская көшесіндегі үйлердің бірінде болған.

Біз оқиға орнына алғашқы болып жеткен қала тұрғыны Руслан Тілеповпен хабарластық.

- Кеше мен Беспалова көшесіне бір жолаушыны жеткізіп тастаған болатынмын. Қайтар жолда өртті байқап қалып, сол жаққа қарай ұшып жеттім. Өртті көріп, бұл жерге патрульдік полиция қызметкерлері де келіп үлгеріпті. Үшеуіміз терезені шағып кіріп, адамдарды бір-бірлеп тысқа шығардық. Жасы үлкендеу ер адамның ауызынан түтін шығып жатқанын байқаған едім, сол кісі 10 минуттай уақыт ішінде жедел жәрдем жеткенше көз жұмды, - деп баяндады ол болған оқиғаны.

Руслан Тілепов Руслан Тілепов

Русланның айтуынша, ол полиция қызметкерлерімен бірге өрт сөндірушілерге де көмек көрсеткен.

- Шлангтары қысылып қалып, су дұрыс жүрмей тұрды. Сол шлангтарды созып, тартып ұстап тұрдық. Өртті сөндіруге шамамен 1,5 сағаттай уақыт кетті - дейді ол.

Оқиға орнында адамдарды өрттен алып шыққан патрульдік полиция батальонының инспекторлары – кіші лейтенант Саят Омаров пен Сафиолла Нұрланов.

Саят Омаров Саят Омаров

Сафиолла Тосумов Сафиолла Тосумов

Ал енді ресми ақпарат көзіне келетін болсақ, Өскемен қалалық ТЖ басқармасының баспасөз қызметі оқиғаны басқаша баяндауда. Олардың мәліметінше, өртенген үйдегі адамдарға көмекке Руслан Ербалин есімді жігіт бірінші болып келген. Ол – Семей қаласының тұрғыны, сол күні өрт шыққан үйдің көршісіне қонаққа барған.

Руслан Ербалин Руслан Ербалин

- Руслан Ербалин өз өмірін тәуекелге тігіп, жанып жатқан үйге еш тайсалмай кіріп, бір ер адам мен екі әйел адамды алып шықты. Өрт сөндірушілер жеткенде, үйдің шатыры мен жанындағы қора-қопсысы жанып біткен. Үй иесі іште қалып қойғанын естіген соң өрт сөндірушілер терезені шағып кіріп, 55 жастағы ер адамды алып шықты. Алайда реанимациялық шаралар жүргізілсе де, оны құтқарып қалуға тым кеш еді, - деп мәлімдейді баспасөз қызметі.

Айта кетсек, өрттің аумағы - 100 шаршы метр. Өрттің шығу себептері әлі де анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, өртке отты абайсыз пайдалану себеп болған.

Көршілері өртенген үйдің тұрғындары жиі ішімдік ішетінін айтқан. Оқиғаның куәгері Руслан Тілеповтың сөзінше, өрттен құтқарылған адамдардың барлығы да мас күйде болыпты.

Сонымен, бір оқиғаның екі түрлі нұсқасы бар. Мұндай жағдайда адамдарды кім құтқарса да, әрине, маңызды емес. Бастысы, адамдардың амандығы. Бірақ біреу үшін өз өмірін қатерге тігіп, ерлік жасауға дайын тұрған азаматтарымыздың үлгі болар әрекеті еленбей қалмаса екен деген ой ғой біздікі.

Бейнежазбалар Руслан Тілеповтен алынды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу