Мұндай орын Арденн мен Алтайда ғана бар (Фоторепортаж)
Біздің өңірде миллиондаған жыл бұрын көк теңіз болғанын білетін шығарсыз. Оған дәлел - Өскеменнен 26 шақырым жердегі палеонтологиялық ескерткіштер. Дәлірек айтсақ, 360 миллион жыл бұрын өмір сүрген теңіз микроағзаларының тас бетіндегі таңбалары.
«Ол не деген құбылыс» деп әріптесім Азамат Темірбекпен Тархан ауылына жолға шықтық. Бізді қызықтырған ескерткіштер осы ауылдың іргесінде екен.
Өскеменнен шыға бере Глубокое ауданының аумағы. Жерінің түгін тартсаң майы шығады. Жолдың қос қапталы егін.
Көп ұзамай Тарханка ауылы көрінді. 1500-дей тұрғыны бар ауылдың негізгі тіршілігі егін мен мал шаруашылығы сияқты.
Біз барған бойда «Катерина» дүкенімен қатар тұрған әкімдіктің ғимаратына кіріп жөн сұрастық.
Әкімдіктің маманы ауылдағы орта мектептің география пәні мұғалімі Сергей Климановты жолбасшы етіп берді.
Сергей Дмитриевич Климановтың білер көп екен: – Тархан кесіндісі осы жермен ғана аяқталмайды, сонау Черемшанка ауылына дейінгі аралықты алып жатыр. Бірақ теңіз астындағы тасқа айналған шөгінділері нақты осы Тархан ауылының маңында анық көрінеді. Бұл жерлерде ғалымдар Брахиопод жануарларының ондаған түрін анықтаған, - дейді.
Ғалымдардың айтуынша, Әлемде мұндай бірегей аумақ Алтайда және Бельгияның Арденн тауларында ғана кездесетін көрінеді.
Миллиондаған жыл бұрын бұл аумақта Тетис мұхитының бір бөлігі - Алтай теңізінің шығанағы орналасқан екен. Қазіргі біздің өңір Алтай теңізінің түбі болған. Жылдар бойы шөккен тау жыныстарының арасынан ежелгі дәуірдегі моллюскілердің, шаян тәріздес трилобиттің, теңіз лалагүлінің, маржандардың тас болып кеткен таңбаларын ұшыратуға болады.
Арденнен Алтайға дейінгі атырапта кездеспейтін ерекше құбылыс біздің өңірге тән екенін зерттеушілер осыдан 100 жыл бұрын дәлелдеген. Енді осындай бірегей аумақты туристік орынға айналдырып қойса деген оймен Өскеменге қайттық.