KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 2,5 м/с, ОШ
443.72 482.28 4.9

Арденнен Алтайға дейінгі атырапта кездеспейтін құбылыс

9.08.2019, 11:55 140

Шығыс Қазақстан облысының аумағы миллиондаған жылдар бұрын шалқыған теңіз болды дегенге сенесіз бе? Мұның бір дәлелі – Тархан геологиялық кесіндісі. Осыдан 360 миллион жыл бұрын өмір сүрген теңіз микроағзалары түбіне шөккен тау жыныстары облыс орталығынан бар-жоғы 26 шақырым қашықтықта орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, мұндай бірегей аумақ Жер шарында Алтайдан бөлек Бельгияның Арденн тауларында ғана кездесетін көрінеді. Жүз жыл бұрын зерттеле бастаған атыраптың бүгінгі жағдайы қандай? Бір кездері билік тарапынан назарға алынған аймақ алдағы уақытта қаперге іліне ме? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеген біз ғылыми және тарихи құнды жәдігер саналатын ежелгі палеонтологиялық ескерткіште болып, көзімізбен көріп қайттық.

Тархан геологиялық кесіндісіне қысқаша анықтама бере кетсек: Миллиондаған жыл бұрын Үлбі өзені болмаған. Бұл аумақта Тетис мұхитының бір бөлігі саналған Алтай теңізінің шығанағы орналасқан. Нақтырақ айтсақ, қазіргі біздің өңір Алтай теңізінің түбі болған. Мұнда омыртқасыз жануарлар саналатын – мшанкалар мен брахиоподтар өмір сүрген. Сондай-ақ жылдар бойы қатпарлана шөккен тау жыныстарының арасынан ежелгі дәуірдің бауыраяқтылар мен басаяқты моллюскілерінің, шаян тәріздес трилобиттің, теңіз лалагүлінің, маржандарының тас болып кеткен таңбаларын ұшыратуға болады.

Девон және Карбон кезеңдері алып кесерткелер – динозаврлар пайда болғанға дейінгі, яғни Жер бетін мұхит басып жатқан, оның тартылуы, алғашқы құрлық жануарларының пайда бола бастау кезін қамтиды. Ежелгі қос материк – Гондвана мен Лавразияның тектоникалық қозғалыстар әсерінен бөлінуі Еуропа, Азия, Африка, Антарктида мен Солтүстік және Оңтүстік Америка сияқты алты құрлықтың пайда болуына алып келді.

Ерекше қорғауға алынса...

Иә, Арденнен Алтайға дейінгі атырапта кездеспейтін ерекше құбылыс біздің өңірге тән екенін зерттеушілер осыдан 100 жыл бұрын дәлелдеген. Алайда алтайлық тасқа айналған шөгіндінің флорасы мен фаунасы Арденнді бірнеше орап әкетерліктей бай. Осы байлықты сақтап қалуға алғашқы қадам ХХ ғасырдың 70-ші жылдары халық депутаттары тарапынан жасалған. Екінші талпыныс С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдарымен 2017 жылы қолға алынғанымен, түрлі себептерге байланысты кенжелеп қалған. Жергілікті ғалымдар бұл аумақты аспан астындағы мұражайға айналдырып, ғылыми және туристік бағытта пайдаланбақ.

– Тархан геологиялық кесіндісі ежелгі палеонтологиялық ескерткіш болып саналады, – дейді биология ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Мырзағалиева. – Мұндағы микроағзалардың тасқа біткен қаңқалары, біріншіден, органикалық өмірдің сипаттамасын ашса, екіншіден, олардың геологиялық жасын анықтауға мүмкіндік береді, үшіншіден, өлкенің тарихынан сыр шертеді. Уақыт өте келе, тау түзілу үрдістері салдарынан Алтай теңізі тартылып, астындағы шөгінді құрғаққа көтерілді. Жанартаулы және шөгінді жыныстардан ежелгі ағзалардың бірнеше миллион жыл бұрынғы тастағы суреттері осылайша сақталып қалды.

Девон және Карбон сияқты екі геологиялық кезеңнің шекарасын көрсететін кесіндінің әлі де жеткілікті деңгейде қолға алынбай жатқанын алға тартқан ғалым алдағы уақытта оны аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарының барын айтады. Ол қорғалуы тиіс аймаққа қатысты тұжырымдама жасап, өңір басшылығына сұраным жолдағанын да айтады. Десек те әзірге оған қатысты қозғалыс бола қоймаған сияқты.

Ғалымдар Тархан геологиялық кесіндісін бірыңғай қорғалған табиғи ортаға айналдырып, геологиялық және археологиялық кешендер тұрғызу қажеттігін айтуда. Жер бедерінің ежелгі кезеңін қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы мұражай жасау қажет деп есептейді. Ежелгі ескерткіштерді реставрациялап, аумақты уақытша консервациялау қажеттігін алға тартқан олар аспан астындағы мұражай кейін аймақтың ағартушылық, білім және экскурсиялық-туристік жұмыстарды жүргізу әлеуетін арттыратынына сенімді.

Аумақты қоқыстан тазартып, абаттандыру және қоршау қажет. Қызмет көрсетуші құрамға арналған әкімшілік ғимаратын салу. Адамдар отыратын қалқалар жасап, жолдар салу, ақпарат беретін стендтер мен жол көрсеткіш белгілер орнату керек – міне, аумақты аспан астындағы мұражай етудегі атқарылатын жұмыстар. Алдын ала жасалған тұжырымдаманың шығыстар сметасында мұндай жұмыстарды жүргізу, шамамен, 140 миллион теңгені (ескерту, бұл осыдан үш жыл бұрынғы есеп!) құрайтын көрінеді.

Көзбен көріп қайттық

Өткен аптада Тархан ауылына жолымыз түсіп, елді мекен тұсын бауырлап жатқан тау бөктерлерінің үстіне шықтық. Қолымызға қайла алмасақ та, фотоаппаратпен қаруланып, қасымызға жолбасшы етіп ауыл мектебінде география пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін Сергей Климановты ертіп алдық. Ауыл іргесіндегі жықпыл тастарға шығып, ежелгі дәуірдің көне көріністерін объективке тартып, жергілікті тұрғынды сөзге тарттық.

– Миллиондаған жылдар бұрын бұл жердің климаты ылғалды әрі жылы болған, – дейді Сергей Дмитриевич. – Осы маңда Белокаменка, одан әрі Бобровка ауылдарына дейінгі аралықта көмір бары анықталған. Демек, бұл жерлерде ағаш тәрізді папоротниктер өскен дегенді білдіреді. Ондаған жыл бұрын Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан палеонтолог ғалымдар келіп, бұл жерлерді зерттегені есімде. Жалпы, Тархан кесіндісі осы жермен ғана аяқталып қалмайды. Ол әріге созылып, сонау Черемшанка ауылына дейінгі аралыққа жайылған. Бірақ теңіз астындағы тасқа айналған шөгінділері нақты осы Тархан ауылының маңында анық көрінеді. Брахиопод жануарларының ондаған түрі анықталған. Мшанкалар сәл аздау.

Көпшіліктің көзіне түсе қоймаған табиғи ескерткіш әзірге жақын маңдағы елді мекендердегі мектеп оқушыларына экскурсия жасаумен, әрі кеткенде университет ғалымдарының жеке-дара жүргізген зерттеулерінен аса алмай тұр.

Қорғау режимі алдағы уақытта қатаяды

Аумақтың қорғалу режимі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ел заңнамасымен реттелетінін алға тартқан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов табиғи ескерткіштің Үкімет қаулысымен қорғауға алынғанын атап өтті.

– Аталған нысан халық депутаттары облыстық атқару комитетінің 1979 жылғы 24 мамырдағы «Глубокое ауданы Тарханка ауылы шетіндегі Тархан геологиялық разрезін табиғат ескерткіші деп жариялау туралы» №330 шешімімен құрылған, – дейді Мұрат Манарбекұлы. – Қазіргі уақытта нысан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 маусымдағы №521 қаулысымен экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған орта нысандарының тізбесіне енгізілген.

Глубокое ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов жалпы ауданы екі гектар аумаққа созылатын Тархан геологиялық кесіндісінің аумағы 2015 жылғы Үкімет қаулысымен бекітілген республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесінде көрсетілмегенін айтады. Жасы дәуірлеп саналатын бағалы экспонаттардың әзірге сыртқа шығарылып жатпағанын, табиғат байлығының зақымданбағанын және жаппай тонау фактісінің әзірге тіркеле қоймағанын алға тартқан ол Тархан геологиялық кесіндісінің мәселесі аудан әкімінің бақылауына алынғанын хабарлады. Жауапты тұлғаның айтуынша, келешекте осы аумақты қорғау және туристік аймаққа айналдыру бойынша іс-шаралар әзірленетін көрінеді. Әзірге жергілікті деңгейде аумақты қоқыстардан тазарту және жайластыру бойынша іс-шаралар дайындалған екен.

***

Келімді-кетімді адамдар бұл өңірге арнайы бас сұқпаса, жердің дәуірлеп саналатын байлығын байқамауы мүмкін. Тау беткейлерінде шашылған ұсақ тастардан құнды жәдігерді көрмеуі де ықтимал. Десек те, адами фактор жықпыл тастардағы құнды жәдігерлерді жылдан-жылға жоғалта берері сөзсіз. Біреу бұл жерден үйінің іргетасын қалайтын тас алса, енді бірі өрнекпен әсемделген тасқа қызығып, өзімен ала кетуі мүмкін. Осы ретте өткен ғасырдың соңғы ширегінде қабылданған заңнамалық құжатты тағы бір жаңалап, аумақты халықаралық деңгейде қорғалған нысанға айналдыру керек сияқты. Үкімет қаулысынан гөрі заңмен қорғаудың жөні бөлек. Сол себепті жергілікті билік мәселені өзге қырынан қарап, жұмысты жеделдетсе, істің игілігін көруге болатын сияқты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив