ШҚО-да 165 көпқабатты үй пайдалануға беріледі
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есеп беру жиынында халықты баспанамен қамту мәселесі айтылды. Мәлім болғандай, алдағы үш жылда 1 миллион шаршы метр, басқаша айтқанда 165 көпқабатты тұрғынүй салынып, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Биылғы жоспар бойынша 77 үй (645 мың шаршы метр) салынуы керек болса, қазір соның 16-сына (79,4 мың шаршы метр) тұрғындар еніп те қойды. Аймақ басшысының айтуынша, инженерлік жүйелер мен үйлердің құрылысына 32,6 миллиард теңге бөлініп, ол қаражат толықтай дерліктей игерілген.
– Жылдың екінші жартысы басталып келеді. Осы уақыт мерзімінде қала, аудан әкімдеріне 433 мың шаршыметр тұрғын үйді пайдалануға беруін тапсырамын. Сондай-ақ келер жылдың жоспарындағы үйлердің құрылысына да кірісу керек. Бұған қоса өңірлердің басшыларына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның тиімділігі мен коммерциялық үй құрылыстарының аумағы мен үлесін арттыруды тапсырамын, – деген Даниал Ахметов, Өскемен мен Семейдегі көпбалалы аналарға бір-бір тұрғын үйден пәтерлер берілуі керегі айтылды. Ол «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық жеңілдетілген несиемен іске асырылуы қажет.
Айта кетейік, облыста «7-20-25» бағдарламасы арқылы 1002 пәтер беріледі. Қазіргі уақытта екінші дәрежелі банктер оның 698-іне (6,2 миллиард теңге) ұсыныс қабылдап, 433-іне (3,9 миллиард теңге) келісім берген.