Жаңа әкімнің батыл шешімдері Шығыс кентінің дамуына серпін бермек
Өскемендегі Новоявленка ауылы, Шығыс кенті, 28-ші шағын аудан тұрғындарына орталықтандырылған қазандық салу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Шығыс кентінің тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қала әкімінің айтуынша, орталықтандырылған қазандық салу туралы бастаманы тұрғындар жылы қабылдады. Жоба ауқымды жұмыс пен ұқыпты жоспарлауды талап етеді. Әкімдік бұл мақсатқа жету үшін қажетті шараларды қабылдап, жобаны мерзімінде іске асыруға сенімді.
Шығыс кентіндегі Абай атындағы №33 мектепте өткен кездесуге жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды.
Шығыс кентінде бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер қордаланған. Олардың негізгісі - инфрақұрылымның тозуы, жол сапасының нашарлығы, үйлерді жекешелендіру, су және кәріз жүйесін орнату мәселелері.
Алдағы уақытта көп мәселе шешімін таппақ. Мәселен, "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынып, жалға берілген үйлердің жалдау ақысы ай сайын төленбегендіктен, кейбір отбасыларда 500-700 мыңға дейін қарыз қордаланып қалған. Тіпті 2011 жылдан бері төленбеген берешектер де бар. Енді олардың қарызы жеңілдетіліп, өсімі тоқтатылып, берешегін 70-100 мыңға дейін азайту туралы шешім қабылданған.
Ауыл тұрғыны Роза Бакешова мұндағы денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігін де айтты. Дәрігерлердің тапшылығы ауыл тұрғындарының медициналық көмек алуын қиындатуда. Ауылдағы халық саны жылдан жылға артып келе жатқандықтан, амбулатория дәрігері тұрғындардың барлығына медициналық қызмет көрсетіп үлгермейді.
Ал білім беру саласында дефектолог, логопед, психолог мамандарының аз екендігі айтылды.
Өзекті мәселенің бірі – Шығыс кентіне ауыл мәртебесінің берілмеуі. Соның салдарынан мұғалімдерге жеңілдік, балаларға ауылдық квота деген мәселелер шешілмей тұр. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан ауылға мәдениет үйі, спорт кешені керектігі айтылды.
Жұртшылықтың ұсыныстарын, талап-тілектерін мұқият тыңдаған Алмат Талғатұлы кездесу барысында айтылған мәселелерді шешу үшін қолда бар ресурстарды пайдаланып, қажетті шаралар қабылданатынын айтты.
Біршама уақыттан бері жергілікті билік өкілдерімен кездеспеген Шығыс кентінің тұрғындары Өскемен қаласының жаңа әкіміне ризалығын білдіріп, батасын берді. Кездесу соңында қала әкімі Шығыс кентінің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Айта кетсек, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов шаһар басшылығы қызметіне кіріскен соң облыс орталығының шеткі аудандарын аралап, тұрғындардың мәселелерімен танысуда.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Жәнібек Ырысбай