Шығыс Қазақстанда жас сарбаздар ант қабылдады
Бүгін таңертең Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінің алаңында Абай, Алматы және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Павлодар қалаларынан шақырылған жас сарбаздар салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру және Әнұранды орындаумен басталды. Жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге дайын екендіктерін көрсетті. Олар бір-бірден саптан шығып, елге адал қызмет етуге ант берді.
Ант қабылдау рәсіміне «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев, әскери бөлім басшылығы, ардагерлер, сарбаздардың жақындары мен достары қатысты.
Сарбаздардың арасында дәстүрлі әнші әрі мәдениет қайраткері Гүлдана Ноғайбаеваның ұлы Арман Тұрсынтаев та болды. Ол анасының жолын қумай, спортпен айналысып, айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Қазір Арман үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидат.
Сонымен қатар, ант қабылдағандардың арасында грек-рим күресінен Испанияның Понтеведра қаласында өткен 2024 жылғы халықаралық чемпионатта қола медаль иеленген спортшылар – Оңдасын Хамитов пен Темірлан Тұрдақын да бар.
Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Серік Ноғаевтың айтуынша, бұл күні 100-ден астам сарбаз әскери қызметке кірісті.
Ұлттық ұлан сарбаздары елдегі қоғамдық тәртіпті қорғау және әскери қалашықтарды күзету міндетін орындайды. Әрбір жас сарбаз Отан алдындағы жауапкершілікті сезініп, әскери қызметтің маңыздылығын түсінеді.
Александр Харламов
Фото: Нелли Петенева
Видео: Ермек Жиенбеков