KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОБ
443.35 475.54 4.82

"Бәріне айыппұл сала бермейді" – Өскемендегі "Сергек" туралы егжей-тегжей айтып берді

16.07.2019, 05:01 131

Кешеден бастап Өскемендегі үш мыңға жуық «Сергектің» бейнебақылау камерасының бір бөлігі іске қосылды. Мұншама көп камера біраз жүргізушінің үрейін тудырғаны да белгілі. Ел арасында үрей мен үміт тудырып үлгерген «Сергек» жайлы Өскемен қаласы ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Еркін Ануарбековті әңгімеге тартқан едік.

– Еркін Ануарбекұлы, Өскемен көшелерінде қаптаған камералар ел ортасында әртүрлі әңгіме туғызуда. Айтыңызшы, Өскеменге қанша бақылау камерасын орнаттыңыздар. Бұрынғы жұмыс істеп тұрған бақылау камераларыңыз жұмысын тоқтата ма?

– Бұл «Сергек» қазір тек біздің өңірде ғана емес, еліміздің әр өңірінде іске асып жатыр. Ел көлемінде іске асып жатқан жоба болғандықтан, әрине, ел ішінде әртүрлі әңгімелер болады. Оның кейбірі қызығушылық танытып жатса, кейбіреуі алаңдаушылық білдіріп жатады. Біз ең әуелі «Сергектен» бұрын Өскемен қаласында жұмыс істеген бейнебақылау камераларына тоқталайық. Өскемен қаласының ішінде 10 жерде 12 сары жәшік көліктердің жылдамдығын бақылап тұрды. Қазір бұл жәшіктер мүлдем жұмысын тоқтатты. Олар бұдан былай да жұмысын жалғастырмайды, өйткені олардың жарамдылық мерзімі аяқталған. Сондықтан біз олардың сертификаттау жұмыстарын да жүргізген жоқпыз. Бұдан бөлек, біздің бес үлкен көшенің қиылысында интеллектуалдық камераларымыз жұмыс істеп тұр. Айталық, олар Мыза – Қазақстан, Жібек жолы – Сәтпаев, Назарбаев – Абай даңғылдарының қилысында, сондай-ақ Ахмердегі Тоғас көшесінің қиылысында, Абай даңғылы мен айналма көшесінің қиылысында орналасқан. Бұлар жылдамдық асырғандарды, «тоқта» сызығын басқандарды, бағдаршамның қызылынан өткендерді фотоға түсіреді. Ал «Сергек» мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында іске асып жатыр. Олар қазір Нұрмағанбетов көшесінде жұмысын бастап жатыр. 102, 103-ке қатысты қызметтердің бәрі сол жерде шоғырланатын болады. Біздің білуімізше, қалаға 3000-ға жуық бейнебақылау камерасы қойылған. Қазір кейбір жекеменшік дүкендерге қойылған бақылау камераларының барлығын сол «Сергекке» қосып жатыр. Соның ішінде тек 159 бейнебақылау камерасы арнайы жол жүру ережелерін бақылауға алды. Оның 85-і тура жолға қойылған. Олар машинаның жылдамдығын, «тоқта» сызығын, бағдаршамның қызыл белгісін, жолдың қарама-қарсы бағытына өтуді, сондай-ақ жол жолақтарын басуды қадағалайды. Бұл жол қозғалысы ережесіндегі бес заң бұзушылықты «Сергек» автоматты түрде түсіреді. Енді арнайы оператордың бақылауымен жүргізушінің қауіпсіздік белбеуін тақпауын, телефонмен сөйлесіп келе жатқанын қадағалайды. Жаңағы 159 камераның қалған 74-і көше қиылыстарында орналасқан. 3000-ға жуық камераның қалғандарының бәрі қоғамдық тәртіпті қадағалауға арналған.

– Жақсы, бұл қоғамдық тәртіпті бақылау сіздің қызметіңіздің құзыретіне кірмейтіндіктен біз әңгімемізді жол жиегінен шықпай жалғастыра берейік. Кейбір жерлерде «Сергекке» шарасыздан түсуге тура келетін шығар. Айталық, жаңағы өзіңіз айтып отырған Жібек жолы мен Сәтпаев даңғылының қиылысына келсек, «Арзан» сауда маркеті жақтан келген жүргізуші сол жаққа бұрылу үшін қарсы келген көліктерді өткізуі керек. Бұл кезде кейде қызыл белгі әлдеқашан жанып қояды. Жол ережесі бойынша бастаған қозғалысыңды аяқтауың керек. Ал жаңағы автоматты түсіріп тұрған бақылау камерасы қызылға өтіп бара жатқан көлікті нысанаға алады ғой? Мұндай жерлер қалада көп.

– Иә, жол ережесі бойынша сіз өз жүрісіңізді аяқтауыңыз керек. Ол жерде сіз ешқандай жол ережесін бұзбаған боласыз.

– Сіз олай деп түсіністік танытқаныңызбен, автоматты түрде түсіретін камералар ешкімді аямайды ғой...

– Жоқ, бұл жерде бейнебақылау камералары түсіргеннің бәрі айыппұл бола бермейді. Біз оларды өзіміз бір мәрте қарайтын боламыз.

– Олай болса, автоматты камералардың өзі адам көмегіне жүгінеді ғой.

– Жоқ, олардың барлығы біздің қадағалауымызда болады. Мысалы, кейбір кезде біздің жол-патрульдік инспекторлары кейбір қиылыстарды қолмен реттейді. Ол кезде сіз қызылға өтуіңіз мүмкін. Бірақ ол заң бұзушылық болып саналмайды, өйткені сізді мәжбүрлі түрде өткізіп тұр ғой.

– Жаңағы орнатқан 159 бейнебақылау камерасы сіздердің жұмыстарыңызды қаншалықты жеңілдетеді? Мүмкін, осыдан кейін жол сақшылары қызметкерлерін қысқартатын шығар?

– Жеңілдетеді деп айта алмаймын, керісінше ауырлатады ғой деймін. Өйткені жаңағы бес үлкен қиылыстағы интеллектуалды камералардан күніне 45-50 жол көлік ережесін бұзушылық түседі. Ал енді 159 камера іске қосылғанда, не боларымызды құдай білсін.

– Бұрын жүргізушілер өздерінің келіспейтінін хаттама толтырмас бұрын бетпе-бет айтып жататын. Енді «Сергекке» қалай «мұң» шағамыз?

– Егер өзіңізге тағылған айыпқа, айыпұл көлеміне келіспесеңіз, өзіңіз қолдаухат жазуыңыз керек. Ол – техника. Кейде ол да қателесуі мүмкін. Қатты жел соғып, өзінің белгілеген аумағынан ауытқып кетуі мүмкін. Сондықтан жаңағы автоматты түрде түсіреді деген дүниелердің бәрі инспектордың көмегіне жүгінетін болады. Ол жерге тәжірибелі мамандар керек. Бұл – менің жеке пікірім.

– «Сергектің» түсіру аумағы қанша метр?

– 20 метр аумақты түсіреді.

– Жүргізушілерге қандай кеңес айтасыз. Әсіресе алаңдап жүрген ағайындарға.

– Өз басым осы салада ұзақ жылдан бері қызмет істеп келемін. Үнемі айтамын, тағы да айта кетейін. Біздің жүргізушілердің жол жүру мәдениеті өте төмен. Соны көтеруіміз керек. Бұл – еліміз көлеміндегі проблема. Бір-бірін сыйлауы қажет. Бұл жерде тек өзіңнің ғана емес, басқалардың да өмірін, бала-шағасын ойлауы тиіс. Ал «Сергекке» түспеудің ең тура жолы – жол жүру ережесін бұзбау.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив