Жаңа оқу бағдарламасы мен үш ауысымды мектеп, колледждерге WorldSkills енгізу және жатахана мәселесі жайында
Еліміздегі білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасы 2019 жылдың соңына дейін бекітіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі
– Ағымдағы жылдың соңына қарай 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіледі. Оның аясында үш ауысымды мектеп мәселесі де шешімін таппақ, – дейді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы 500 мектеп салу жоспарда бар екенін де атап өтті.
– 2021 жылы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында жаңа оқу бағдарламаларына толық көшу қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын күшейтуге, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға ерекше назар аударылатын болады, – деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, 390 колледжде WorldSkills халықаралық стандарттары мен модульдік бағдарламалар енгізілетін болады. Бұдан басқа, қолданыстағы колледждер желісін нарық қажеттілігіне қарай оңтайландыру және бейіндеу жүргізілмек.
– 2022 жылдың соңына қарай жатақханаларда 75 мың орын пайдалануға беріледі, ағымдағы жылдың өзінде 8 мың орын пайдалануға беріледі, – деп түйіндеді Асқар Мамин.