KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, СШ
478.54 533.76 5.17

ШҚО-да пошта бөлімшесін өртеп жіберген қызметкерге сот үкім шығарды

5.07.2019, 05:52 144

Үржар ауданында пошта қызметкері жұмыс орнынан ақша ұрлап, артынан пошта бөлімшесінің ғимаратын өртеп жіберді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Оқиға 13 ақпанда Үржар ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Айыпталушы ер адам 14 миллион теңге мөлшерінде ақшаны жұмыс орнынан жымқырып кетіпті. Бұл қаражат әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақыларға арналған екен.

Сол күні Үржар аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне поштада өрт шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберіледі. Тексеру барысында өрт ғимараттың ішкі жағынан шыққаны анықталады. Кеңсе жиһазы мен техникасы, терезе, есік түгел жанып кеткен. Ақшалай қаражат банкоматта сақталады екен. Оның сырт жағын ғана өрт шалған, алайда ішінде ашқа болмай шықты. Өртке дейін банкоматтың шотына 13 миллион теңгеден астам қаражат салынғаны белгілі болады.

Анықталғандай, «Қазпошта» АҚ Үржар аудандық пошта бөлімшесінің электротехник маманы бұл ақшаны жымқырып кетудің жолын алдын ала ойластырыпты. 13 ақпан күні ол түнгі сағат 01.00 шамасында өзінің жеке автокөлігімен арнайы киім киіп, пошта бөлімшесіне келген. Алдымен сымдарды үзіп, сигнализацияны істен шығарады. Бұдан кейін банкоматтағы ақшаның сомасын анықтау үшін чек алған. Күндіз банкоматтың сейфін әдейі кілтпен жаппай кеткен екен. Осылайша пошта қызметкері 13 600 500 теңгені ұрлап кетеді. Қылмысын жасыру мақсатында газет-журналдар мен тұрғындардың сәлемдеме-хаттарын кеңсенің ішіне шашып, өртейді де, үйіне келіп, ұрланған ақшаны тығып қояды.

Өрттің салдарынан келген залал мөлшері 8 461 119 теңгені құрап отыр.

Үржар аудандық сотының шешімі бойынша, оған мүлкін тәркілеу арқылы 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив